Қазақстан мектептерінде медиация институты енгізілуде

АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана мектептерінде медиация институты енгізілуде.
None
None

«Бота» қоғамдық қорының қаржыландырылуымен қолға алынған бағдарлама аясында медиация қаланың 3 мектебінде ілкі жоба ретінде іске асырылмақ. Бұл жұмысты елордадағы 10 үкіметтік емес ұйым атқаратын болады.

Бүгін «Мектептегі медиация» тақырыбына арналған дөңгелек үстел жиынында медиация институтын енгізуге тартылған үкіметтік емес ұйым басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Испания мен Болгария мемлекеттерінің медиация саласындағы ғалымдары аталған бағдарлама жобасын талқыға салды.

Қатысушылар медиация институтының енгізілуі кәмелетке толмағандар арасындағы үдеп бара жатқан қылмыстық оқиғаларды азайтып, балалардың бір-бірімен қарым-қатынасында шиеленістердің төмендеуіне септігін тигізеді деп отыр.

«Жобаның басты мақсаты - мектеп ортасында бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениетті дамыту», дейді жоба жетекшісі, «Астананың коммерциялық емес ұйымдарының форумы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Баян Ахметжанова.

«Қазіргі таңда Жоғарғы сотта «Медиация туралы» заң жобасы қарастырылуда. Жақын арада медиация саласы заңды түрде енгізіледі. Қараша айында бұл заң жобасы Парламент палатасына талқылауға түседі. Бұл жобаны жетілдіруге бағытталған үлкен жұмыс жасалуда», деп атап көрсетті Б. Ахметжанова.

Ал, Орталық Азия - Бейбітшілік пен келісім қоғамдық қорының басшысы Алмат Тоекиннің айтуынша, мектептердегі медиаторлар даудың бастапқы кезеңінде алдын алып, оның ары қарай ауыр қылмыстарға дейін өршуіне жол бермейді. Себебі дауласушы тараптар медиатрдың көмегіне жүгіне отырып, оның шешімін өз еріктерімен орындауға мүдделі болады.

Медиация - мектеп оқушылары арасында туындаған дау-дамайлы қарым-қатынастарын баламалы түрде шешудің бірден бір жолы. Ол араздасушы тараптардың бір-біріне деген өшпенділігін азайтып, керісінше өзара келісімге деген ынта-ықыластарын арттырады. Олардың екіжақты татуластыруға бағытталған тетіктерді пайдалануларына мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум