Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастық қалай дамып келеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қалай дамып келеді? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куо айтып берді.
None
None

– Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы экономикалық ынтымақтастық қалай дамып келеді?

– АҚШ Сауда министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тауар айналымы 2,5 млрд долларды құрады. АҚШ-тың Қазақстанға экспорты 807 млн доллар болса, қазақстандық тарап АҚШ-қа 1,7 млрд доллардың тауарын экспорттады.

Қазақстанның АҚШ-қа негізгі экспорты шикі мұнай және мұнай өнімдері, темір, болат және бағалы металдар, ал АҚШ-тың Қазақстанға экспортталатын негізгі тауарлары – ұшақтар мен олардың қосалқы бөлшектері, машина құралдары мен құс еті.

Энергетика және ауыл шаруашылығы секторларынан басқа, АҚШ компаниялары аймақта авиация, ақпараттық және коммуникациялық технология, денсаулық сақтау, туризм, логистика және ғарыштық технологиялар саласы бойынша жұмыс істейді.

Алматыдағы АҚШ консулдығында орналасқан біздің Сыртқы коммерциялық қызмет кеңсесі (FCS, АҚШ Сауда министрлігінің бөлімшесі) де американдық және қазақстандық компаниялар арасындағы инвестициялық және іскерлік қарым-қатынастарды орнатады.

– АҚШ Қазақстан Республикасының негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі. Жаңа перспективалар туралы айтып беріңізші.

– Америкалық компаниялар Қазақстанда ел тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап бар. Көмірсутек шикізатынан басқа, АҚШ компаниялары үшін Қазақстанның ауыл шаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қауіпсіздік және көлік салаларында жұмыс істеп келеді.

Жақында ауыл шаруашылығы саласындағы Valmont Industries компаниясы американдық технологиялар мен өндіріс процестерін пайдалана отырып, Қазақстанда заманауи суару жабдықтарын шығаруды қолға алды. Бұл қазақстандық диқандарға суды үнемдеп, мол өнім алуға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, АҚШ компанияларының шағын модульдік атом энергетикалық реакторларының технологиялары Қазақстан экономикасының өсуіне және электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыруда үлкен рөл атқарады деп үміттенеміз.

– Америкалық компаниялармен жасалған ынтымақтастық оң нәтиже берді ме?

– АҚШ-тың Қазақстанға құйған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 39 млрд доллардан асады. Оның 38 млрд доллары мұнай-газ саласына тиесілі. Теңізшевройлдың 75%- ы АҚШ компанияларына тиесілі. Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, 2021 жылы Теңізшевройл 1,7 триллион теңге немесе қазіргі бағам бойынша шамамен 3,3 млрд доллар салық төледі.

– Қазақстанда осындай қанша компания жұмыс істейді?

– Қазір Қазақстанда АҚШ-тың қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істейді. Мысалы, 2022 жылдың 16 наурызы мен 18 наурызы аралығында АҚШ Елшілігі Нұр-Сұлтандағы AgriTek/FarmTek ауылшаруашылық көрмесінде АҚШ Сауда павильонын көрсету үшін 11 американдық компанияны қабылдайды. АҚШ Сауда және ауылшаруашылығы министрлігі демеушілік жасаған АҚШ Сауда павильоны қазақстандық бизнес өкілдеріне АҚШ компанияларының өкілдерімен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік береді.

АҚШ компаниялары ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтары, суару технологиялары, астық, жем ингредиенттері, астық сақтау және мал шаруашылығы технологиялары сияқты ауылшаруашылығы секторына арналған өнімдердің, қызметтер мен шешімдердің кең ауқымын ұсынады.

– Тәуелсіздік алғалы бері қандай екіжақты халықаралық шарттарға қол қойылды?

- Экономикалық ынтымақтастық және екіжақты инвестициялар туралы шартқа қол 1994 жылы қойылды. Салық туралы келісім - 1996 жылы, Шетелдік шотқа салықты сақтау туралы келісім (FATCA) - 2017 жылы жасалды. 2019 жылы Ашық аспан келісіміне қол қойылды. Соңғы екі келісімді Қазақстан жақында ратификациялады.

Осы келісімдер арқылы серіктестік екіжақты инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, салықтық әкімшілендіруді жақсарту және тығыз іскерлік байланыстар үшін мүмкіндіктерді кеңейту арқылы Қазақстан экономикасының өзгеруіне ықпал етті.

Біз Америка Құрама Штаттарынан көбірек инвестиция тартуды жалғастырамыз. Бұл екі ел арасындағы сауданы одан әрі жақсартуға, Қазақстанның экономикасын дамытуға және әртараптандыруға ықпал етпек.

– Екіжақты сауда мен инвестиция көлемін арттыруға бағытталған өзара тиімді экономикалық серіктестік үшін қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Америка Құрама Штаттары Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) тиімді мүшесі болуына көмектесуде. ДСҰ сенім, өзара құрмет және ашықтық жүйесіне құрылған. Егер АҚШ компаниялары Қазақстанның ДСҰ-ға жаңа немесе жақында өзгертілген сауда ережелері туралы хабарлау сияқты өзінің ДСҰ міндеттемелерін орындап жатқанын көретін болса, олар бұл елді сенімді ұзақ мерзімді іскер серіктес ретінде қарастырады.

Бұған қоса, Америка Құрама Штаттары Қазақстанның экономикасын әртараптандыру және кең ауқымды салаларға шетелдік инвестицияларды ұлғайту жөніндегі күш-жігерін қолдауға ниетті. АҚШ Сауда-инвестициялық негіздемелік келісім (TIFA) және кеңейтілген стратегиялық серіктестік диалогы (ESPD) контекстіндегі тұрақты кездесулер арқылы Қазақстанмен экономикалық мәселелер бойынша ресми түрде қарым-қатынас жасайды.

АҚШ үкіметі сондай-ақ сауда кедергілерін анықтау және жою, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін Қазақстанмен жұмыс істеуде. Мысалы, USAID (Америка Құрама Штаттарының халықаралық даму агенттігі) бизнес үшін құқықтық ортаны жақсартуға көмектеседі және инвесторларды қорғауға кепілдік беретін реформаларды, соның ішінде инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы инвестициялық дауларды әділ және ашық қарауды, сондай-ақ бизнестің әлеуетін күшейтуді қолдайды.

– Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың болашағы қандай?

– Америка Құрама Штаттарының Қазақстанмен серіктестігі өте берік. 30 жылдан астам уақыт бойы АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап келеді. Ол өзгермейді. Біз қазақстандық серіктестермен көптеген салада, соның ішінде студенттердің жақсы білім алуына, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті, инновациялар мен шығармашылықты қолдауға, аймақтық сауданы ұлғайтуға және инклюзивті экономикалық өсуді қолдауға көмектесетін кең ауқымды ынтымақтастығымыз бар.

Біз сондай-ақ гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту үшін жұмыс істейміз. Екеуі де салауатты экономика үшін өте маңызды және COVID-19, климаттың өзгеруі, гендерлік зорлық-зомбылық, нәсілдік, әлеуметтік және экономикалық теңсіздіктерден туындайтын мәселелерді шешіп жатыр.

Біз Қазақстанмен серіктестікке ұмтыламыз, өйткені біз қазақ халқы мен экономикасының орасан зор әлеуетін көріп отырмыз. Біз жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға көмектескіміз келеді.

Бұл бір-біріміздің береке-бірлігіміз бен достығымызды нығайта түседі.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар