18:44, 13 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан мен АҚШ арасындағы ядролық қаруды таратпау туралы келісімнің орындалуына қатысты қоғамдық тыңдау өткізу қажет - Ә. Кекілбайұлы
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан мен АҚШ арасындағы ядролық қаруды таратпау туралы келісімнің орындалуына қатысты қоғамдық тыңдау өткізу қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Әбіш Кекілбайұлы осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, палата отырысында «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы континентаралық баллистикалық ракеталардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты келісімге Түзетуді ратификациялау туралы» заң қабылданған болатын.
Дегенмен де, заңды талқылау барысында жоғары палата депутаттары Қазақстан мен АҚШ арасындағы ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты 1993 жылы қабылданған келісімнің аясында атқарылып жатқан шараларға көңілі толмайтындықтарын жеткізді. Мәселен, осы келісім аясында Қазақстан тарапы биылға дейін 181 млн. долларды игерген көрінеді. Бірақ, ондағы қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты мемлекеттік органдардан қанағаттанарлық жауап алынбады. «Әрине, кезінде бұндай бастама өте сәтті қолға алынды. Бірақ, уақыт өте келе, біз ол бойынша тиісті нәтиже көре алмай отырмыз. Тіпті, жауапты министрліктердің өздері де қаражаттың жұмсалуына қатысты тура ақпарат бере алмайды. Сондай-ақ келісім аясында бірқатар оқ-дәрілерді қайта өңдеу қажеттілігі айтылса да, оны Қазақстан жағы жойып, көзін құртып отырған. Сынақ алаңдары жүргізілген жердің мәселесі не болып жатқаны да түсініксіз, оған зерттеу де жүргізілмеген. АҚШ-қа, Ресейге керек болмаса Қазақстан өзі үшін зерттеу жүргізу керек еді. Шындығында, аталған келісім аясында АҚШ пен Ресей ұстанымдары анық көрінеді де, Қазақстанның мемлекеттік ұстанымы онша байқалмайды», - деді сенатор Ғ. Қасымов. Сол секілді депутат Ғарифолла Есім де келісім аясындағы қаржының тиімсіз жұмсалғанын алға тарта отырып, алдағы уақытта бөлінетін 150 млн. доллардың да қалай жұмсалатыны анықталмағанын атап өтті. «Әрине, заңды қабылдау қажет-ақ шығар, бірақ еліміз үшін өте үлкен проблемалар сол күйі қалып отыр. Ол туралы комитет отырысында да, жалпы отырыста да дұрыс жауап ала алмадық», - деді Ғ. Есім. Өз кезегінде мәселенің маңызына тоқталған сенатор Әбіш Кекілбайұлы, құжатты қабылдаудың өзектілігін де атап өтті. «Біз көптеген жылдар бойы халықтың тағдырына байланысты келісімге арқа сүйеп елімізде қауіпсіздік орнады деген ұғыммен келдік. Сол ретте көптеген жұмыстар да тындырылған болуы керек. Дегенмен де, сенаторлар көтерген кемшіліктер бірнеше жылдар бойы айтылып келе жатыр. Бұл жұмыс туралы тиісті есеп те тыңдалмады. Сондықтан да басқосуда көтерілген мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өткізген орынды», - деді Ә. Кекілбайұлы.