Қазақстан мен АҚШ Бірлескен мәлімдемеге қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – АЭХА-ның 69-шы Бас конференциясы аясында Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігі (NNSA) арасында Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Құжатта атап өтілгендер:
•ИВГ.1М зерттеу реакторының жоғары байытылған пайдаланылған отынын арнайы әзірленген Silo типіндегі қоймаға табысты орналастыру;
•пайдаланылған ядролық отынды Silo қоймасында оның түпкілікті кәдеге жаратылуына қатысты бірлескен шешім қабылданғанға дейін сақтау;
•жоғары байытылған уранды пайдалануды барынша азайту және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыру ниеті.

– Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық міндеттемелерін дәйекті түрде орындайды. Аталған мәлімдемеге қол қою біздің бейбіт атомды дамытуға және жаһандық таратпау режимін нығайтуға бейілдігімізді растайды, – деп атап өтті Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы.
NNSA өкілдері АҚШ-тың Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және ядролық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

Осындай Бірлескен мәлімдемелер 2016, 2019, 2020 және 2023 жылдары да қабылданып, Қазақстан мен АҚШ-тың бейбіт атом саласындағы тұрақты әріптестігінің символына айналды.
Айта кетейік, Қазақстан АЭХА-ның 69-шы Бас конференциясында атом энергетикасының жаңа даму кезеңін жариялады.