Қазақстан мен АҚШ су тасқынын болжайтын озық технологияларды енгізу мәселесін талқылады

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов америкалық Dynamic Aviation компаниясының бас директоры және директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Столцфуспен кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметін мәлім етті.

Қазақстан мен АҚШ су тасқынын болжайтын озық технологияларды енгізу мәселесін талқылады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Тараптар су тасқынын болжау және оған қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, аэротүсірілім арқылы қардың қалыңдығын өлшеу және оның еруін болжауға арналған технологияларды енгізу мәселесі сөз болды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Қазгидромет» пен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мамандарының қатысуымен серіктестік бағыттарын егжей-тегжейлі талқылауға келісті.

– Жылдың басында Қазақстанда су тасқынын болжау және модельдеу ақпараттық жүйесі енгізілген болатын. Бүгінде басқа да жауапты органдармен бірлесіп, оның жұмысын жетілдіру жолдарын үнемі іздестіріп келеміз. Оның ішінде әлемдік озық технологияларды енгізу арқылы, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұған дейін хабарланғандай, отандық су саласы мамандары Қытай, Франция, АҚШ, Жапония сынды шет мемлекеттерде біліктілігін арттырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар