Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық серіктестігі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамптың Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтауы жай символикалық жағдай емес. Бұл жөнінде Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Нұрғазы Әнуарбеков Kazinform агенттігі тілшісіне айтып берді.

 Нұрғазы Әнуарбеков
Фото: Нұрғазы Әнуарбековтің жеке мұрағатынан

— АҚШ Президенті Дональд Трамптың еліміз үшін қасиетті мереке – Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтауы жай символикалық жағдай емес. АҚШ – Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындап, біздің елмен дипломатиялық қарым қатынас орнатқан мемлекет. Міне, тағы да біздің елге деген ниетінің дұрыс екенін, Қазақстанның досы екенін білдіріп, ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен алғашқы болып ресми құттықтау жолдап отыр, — деді ол.

Трамп поздравил Токаева с предстоящим 35-летием Независимости Казахстана
Фото: Ақорда

Сарапшының сөзінше, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени байланыстар осы 35 жылда тек жақсы бағытта өрбіп келеді.

— АҚШ — осы жылдары Қазақстан экономикасына аса ірі мөлшерде инвестиция салған мемлекеттердің бірі. Әсіресе, соңғы жылдары АҚШ-тың Қазақстанмен ара-қатынасы, стратегиялық серіктестігі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, екі ел қатынасын бекемдей түсуге бағытталған маңызды қадамдар жасалып жатыр. Бұл туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп та өзінің құттықтау хатында атап өткен. Екі елдің кеңейтілген стратегиялық серіктестігі үшін ризашылығын білдіре отырып, оны одан әрі нығайтуға ниетті екенін және ондай нәтижеге қол жеткізуге біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орасан зор еңбек сіңіргенін атап өткен. Сондай-ақ «Қазақстан халқы Сіздей мықты әрі батыл көшбасшының басшылығында өмір сүріп жатқанына бақытты. Мен осы маңызды тарихи белесті атап өтуде Қазақстан халқымен бірге екенімді мақтан тұтамын» делінеді. Дональд Трамп мырзаның бұл құттықтау хаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік деңгейде мойындалған көшбасшы екенін, әлемдік саяси аренадағы салмағын және Қазақстанның «Орта держава» ретінде мойындалғанын көрсетеді, — деді Нұрғазы Әнуарбеков.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтағанын жазғанбыз.

Сонымен қатар, осыған дейін Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының сарапшы-кеңесшісі Кәмила Амуртаева Қазақстан Вашингтон үшін дербес стратегиялық маңызы бар мемлекетке айналып келе жатқанын айтты.