Қазақстан мен Армения құпия ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастықты жүйелеп жатыр

ЕРЕВАН. KAZINFORM — Армения парламентінің Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссиясы Қазақстанмен құпия ақпарат алмасуға бағытталған үкіметаралық келісім жобасын қабылдауды қолдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Армения құпия ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастықты жүйелеп жатыр
Фото: armradio.am

Армения Ұлттық қауіпсіздік қызметі директорының орынбасары Есай Мкртчянның айтуынша, құжатқа былтыр 21 қарашада Астанада қол қойылған. Келісім толық ратификацияланса, ресми Астана мен Ереван саяси, әскери, экономикалық, құқықтық, ғылыми-техникалық және басқа да салалардағы ынтымақтастық аясындағы құпия ақпаратпен алмасады.

Сонымен қатар тараптар мұндай деректерді қорғау мен сақтауды қамтамасыз етуі тиіс. Құжатта айқындалған талаптарды орындауға Армения тарапынан Ұлттық қауіпсіздік қызметі, ал Қазақстан жақтан Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауапты болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Армения мен Түркия өзара қарым-қатынасты жандандыруға ниетті.

Еске салайық, таяуда Армения мен Ұлыбритания қорғаныс саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.