Қазақстан мен Ауғанстан ауыл шаруашылық тауар айналымын 1 млрд долларға дейін арттырмақ — Ербол Тасжүреков

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан мен Ауғанстан агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымын екі есеге дейін арттыра алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Алматыда өтіп жатқан Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумында айтты.

астық экспорты
Коллаж: Kazinform/Pixabay

Вице-министр ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы 567,5 млн доллар болған. Ал, Қазақстанның экспорты 547 млн долларға жетті.

Қазақстан Ауғанстанға негізінен ұн мен бидай экспорттайды. Бұл аталған елге жолданатын экспорттың 80%-дан астамы.

Өз кезегінде Ауғанстан Қазақстанға минералды суларды, жемістер мен дәмдеуіштерді экспорттайды.

Вице-министр екі ел бизнесінің тығыз ынтымақтастығы арқасында елдер ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін арттыра алатынын атап өтті.

«Жалпы, Қазақстан тыңайтқыштардың және ауылшаруашылық өнімдерінің басқа да түрлерінің сұранысқа ие түрлерімен ынтымақтасуға және жеткізіліммен алмасуға дайын. Атап айтқанда, кондитерлік және ұн өнімдері, өсімдік майлары, сондай-ақ минералды тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы техникалары. Біз өз кезегімізде халықтың сұранысын өтеу үшін Ауғанстаннан цитрус, кептірілген жемістер, анар шырыны, дәмдеуіштер, мақта шикізаты және тағы басқасын сатып алуға дайынбыз», - деді Е.Тасжүреков.

Соңғы жылдары Қазақстанның Ауғанстанға бидай экспорты қысқарды. 2023 жылы жеткізу көлемі 53%-ға азайып кеткен болатын. Осы жылдың 8 айында небәрі 69 мың тонна.

Вице-министр атап өткендей, Қазақстан логистиканы жақсарту және жеткізілімдерді арттыру үшін Бейнеу астық терминалының әлеуетін пайдалану арқылы бұл жағдайды түзетуді жоспарлап отыр.

Сөзінің соңында вице-министр елдер арасындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның Ауғанстандағы егін өнімділігін арттыру үшін озық технологиялармен алмасуға дайын екенін жеткізді.

Осыған дейін Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналым 330,7 млн долларға жеткені туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар