Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлері 190 млн долларға келісімшарт жасасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Қазақстан-Ауғанстан іскерлік форумы аясында жалпы сомасы 190,8 млн долларды құрайтын экспорттық келісімшарттарға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін, ұн мен өсімдік майын жеткізуге барлығы 15 шарт, сондай-ақ Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (Қазақстан) мен Май дилерлерінің Балх одағы (Ауғанстан) арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды», - делінген аталған форумнан кейін таратылған мәліметте.

Атап айтқанда, Ауғанстан - Қазақстанның өсімдік майын алып жүрген ең ірі импорттаушылардың бестігіне кіреді.


Бұл тұрғыда бүгінгі форум алаңында қол жеткізілген уағдаластықтар осы бағыттағы сауда көлемін арттыруға ықпал етеді.

Қол қойылған құжаттардың жалпы санының 9-ы май тасымалдау бойынша шарттарды қамтып тұр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы іс жүзінде 1 млрд АҚШ доллары (987,9 млн. АҚШ долл.) белгісіне жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе өсті.

Тауар айналымының 90% қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі.

Елдер арасындағы сауда биылғы 6 айда 343,6 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан экспорты 334,5 млн долларға жетті.


Соңғы жаңалықтар