Қазақстан мен Ауғанстан президенттері өзара іс-қимылдың басты мәселелерін талқылады

Кездесу барысында Мемлекет басшылары екіжақты өзара іс-қимылдың басты мәселелерін, оның ішінде сауда-экономикалық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады. Мұнан бөлек, Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті аспектіге қатысты пікір алмасты.
Н.Назарбаев мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында өтіп жатқан кездесудің маңыздылығын атап өтті.
«Сіздің өткен жолғы Қазақстанға сапарыңыздың қорытындысында бірқатар маңызды келісім жасалды. Қол жеткізілген уағдаластық аясында Қазақстан сіздің еліңізге астық жеткізуде. Бұған қоса, осы жылы Кабулде үкіметаралық комиссия отырысы өтеді. Онда біздің елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан ары нығайту жолдары қарастырылатын болады», - деді ҚР Президенті.
Өз кезегінде М.Ғани Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы Ораза айт мейрамымен құттықтады.
«Қазақстан Ауғанстанның маңызды сауда серіктесі саналады және біз үкіметаралық комиссияның алдағы отырысына зор сенім артып отырмыз», - деді Ауғанстан Президенті.