Қазақстан мен Австрияның сыртқы істер министрлері инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойды

Кездесу барысында тараптар инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Осы оқиғаға түсіндірме берген Австрия министрі, бұл құжаттың тараптарға инвестициялық өзара іс-қимылдардың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Тараптар сондай-ақ қазақстан-австрия ынтымақтастығын және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды әрі қарай дамыту мәселелерін талқылады.
Қ.Саудабаев австриялық әріптесін Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының негізгі басымдықтары туралы хабардар етті, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы әңгімелеп берді. Сондай-ақ ауған проблемасын да қамтыған аймақтық қауіпсіздік тақырыбы талқыланды.
Штаб-пәтері Венада орналасқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалығына тоқталған М.Шпинделеггер: «Ресми Вена Астананың осынау лауазымға берген өтінішін алғашқылардың бірі болып қолдады және ол қазақстандық бастамаларды қолдай отырып, осынау беделді ұйымның арасындағы тығыз өзара іс-қимылға үміт артады», деп атап көрсетті.