Қазақстан мен Әзербайжан Алакөлде санаторий салады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада өткен Қазақстан-Әзербайжан бизнес форумында екі елдің компаниялары арасында 16 келісімге қол қойылды.

— Екі ел Президенттерінің кездесуі аясында осы форумды ұйымдастыруды жөн көрдік. Оның аясында 16 келісім мен меморандумға қол қойылды. Құжаттар ІТ-технологиялар, білім сынды әртүрлі бағыттарды қамтиды. Алакөлдің Шығыс Қазақстан жағында «Алакөл» санаторийін бірігіп салу да жоспарда бар. Ал сауда-саттыққа қатысты 1-2 келісім ғана рәсімделді. Біреуі «Истису» минералды суын жеткізу. Қазір Әзербайжанда қайта қалпына келтірілген зауытта «Истису» сулары шығарылып жатыр. Соны бізге жеткізеді. Оған QazTrade компаниясы көмек көрсетеді. Осы не келесі аптада бұл сусындарды еліміздің дүкендерінің сөрелерінен көріп қаласыздар, — деді іс-шара аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.

Осы ретте вице-министр аталған зауыт тарихы да ерекше екенін айтты.

— Армениядан қайтарып алған жерлеріндегі зауытта армяндар қайнар бұлақ көзін бетондап бітеп кеткен екен. Бұған Әзербайжан Президенті намыстанып, зауытты құзырына алып қайта қалпына келтіріпті. Германиядан құрал-жабдық әкеліп, жаңадан құдықтар қаздырыпты. Қазір бөтелкеге құйып шығарып жатыр, — деді ол.

Айта кетейік, осы жылдың қаңтар-тамызында өзара сауда-саттық көлемі 343,3 млн доллар болды. Бұл ретте Қазақстан импорты 290,8 млн долларға жетіп, Әзербайжан экспорты 58 пайыздан астамға артты.