Қазақстан мен Әзербайжан арасында экономикалық ынтымақтастық дамып келеді

БАКУ. KAZINFORM - Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжанның Экономика министрі Микаил Джаббаровпен кезекті кездесу өткізді, деп хабарлайды «Қазақпарат» агенттігінің меншікті тілшісі Серікбол Қошмағанбетов.

Әзербайжан
Фото: Kazinform/Серікбол Қошмағанбетов

Тараптар сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика және энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.

Былтыр өткен Қазақстан мен Әзербайжан Мемлекет басшыларының өзара сапарлары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Әзербайжанға ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға серпін бергені туралы айтылды. Әлім Байел елдер арасындағы тауар айналымы өсімін атап өтіп, осы үрдісті сақтаудың маңыздылығына назар аударды.

Өз кезегінде Микаил Джаббаров Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық байланыстардан саяси ынтымақтастығынан қалыс қалмауы керектігін баса айтты. Осы тұрғыда ол екі ел үшін де, бүкіл аймақ үшін де геоэкономикалық маңызы зор бірлескен жобаларды жоғары бағалады.

елші
Фото: Kazinform/Серікбол Қошмағанбетов

Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды жүзеге асыруға, Қазақстан мұнайының Әзербайжан аумағы арқылы транзитіне, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту жұмыстарына, сондай-ақ Каспий теңізінің түбімен терең теңіз электр кабелін тарту туралы қол жеткізілген уағдалыстыққа ерекше назар аударылды. 

Тараптар екі елде ғана емес, сонымен үшінші мемлекеттерде де бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, қазақстандық астықтың Әзербайжанға экспортын арттыруға және Әзербайжанның жеміс-көкөніс өнімдерін Қазақстанға жеткізуге өзара мүдделілік танытты. Экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жаңа бастамалар да талқыланды.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасы жалғасуда. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ке ұлғайды. 2023 жылы Орта дәліз (ТХКБ) бойынша тасымалдау 2,76 миллион тоннадан асып, 65%-ке өсті. Бұл жұмыс Президент Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында айқындалған тапсырмаларға сәйкес жүргізілуде.

 

Соңғы жаңалықтар