Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды
АСТАНА. KAZINFORM — Орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға мемлекеттік үдерістерді басқаруға және талдауға, сондай-ақ GovTech-шешімдер қабылдауға арналған AI-Driven Government ахуалдық орталығының тұжырымдамасы жөнінде баяндады.

Сонымен қатар мемлекеттер басшыларына Smart City технологиялары, роботты техника аймағы, түрлі салаға жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған Samruk-Kazyna жобалары көрсетілді.


Президенттер Astana Hub инновациялық кластерін аралап көрді. Орталықта 1800-ден астам IT-компания мен стартап, оның ішінде шетелдің үлесі бар 460-тан аса компания тіркелген.


Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке халықаралық нарыққа шыққан қазақстандық компаниялардың өнімдері жайында мәлімет берілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан президенттері брифинг өткізгенін хабарлаған едік.