Қазақстан мен Әзербайжан президенттері экономика мен геосаясатқа қатысты пікір бөлісті

Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін бе? Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасына көзқарасы қалай? Әзербайжан мен Қазақстан президенттері Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында экономика және геосаясаттағы стратегияларды талқылады. Kazinform бұл туралы Еuronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

тоқаев әлиев
Фото: Ақорда

Жақында Баку қаласында БҰҰ жетекшілігімен өңірлік экономикалық конференция өтті. Онда СПЕКА-ға мүше елдердің Орталық Азия, Ауғанстан және Әзербайжандағы басшылары бас қосты.

Euronews тілшісі Галина Полонская Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен әңгімелесіп, өңірдегі экономикалық стратегиялар, сондай-ақ көрші елдермен қарым-қатынас турасында сұхбат құрды.

«Президент Әлиев Әзербайжанның экономикалық өсімін реформалармен, кедейлікті азайтумен және сыртқы қарызды басқарумен байланыстырады. Қазақстан 5% өсімді көздеп отыр, ал президент Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты, инвестицияны және 2029 жылға қарай экономикалық әлеуетті еселеу міндетін қойып отыр», - деп жазады Еuronews.

Ильхам Әлиев өз сөзінде Әзербайжаннан Еуропаға газ экспортының маңыздылығына және оның Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне қосып отырған үлесіне, сондай-ақ жасыл энергетика секторына салынған инвестицияға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетикалық бизнесін өмірлік маңызды деп санайтынын айтып, ел 2060 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізуді мақсат етіп отырғанын қосып өтті.

ҚР Президенті Ресей «Қазақстанның стратегиялық серіктесі» екенін мәлімдеп, елдің өңірдегі маңыздылығын мойындады. Сондай-ақ «халықаралық аренадағы кейбір күйзелістерге қарамастан, Қазақстан мен Ресей үнемі ынтымақтастықта болатынын» баса айтты. .

Таулы Қарабақтағы қақтығыс мәселесіне тоқталған президент Әлиевтің сөзінше, Армениямен бітімгерлік келісімге «бес негізгі қағидат» негіз болуы тиіс, оның ішінде «бір-бірінің аумақтық тұтастығын өзара мойындау» және «Арменияға қатысты күш қолданбау, территорияға қатысты шағымдардың болмауы» бар.

Әзербайжан мен Қазақстан президенттері экономикалық стратегия мен геосаясатқа қатысты ойларын ортаға салды.