Қазақстан мен Әзербайжан жоғары білім беру саласында 15-тен астам келісімге қол қояды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Әзербайжанға ресми сапары аясында тараптар ғылыми басылымдардың бірлескен тізімін бекіту туралы тағы бір келісімге қол қояды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

министр науки и высшего образования РК
Фото: Рабиға Нұрбай / Kazinform

— Бүгін біздің министрлік пен Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясы арасында ғылыми басылымдардың бірлескен тізімін бекіту туралы тағы бір келісімге қол қойылады. Бұл біздің елдердің ғалымдарына бірлескен басылымдарда жариялау, екі елдің басылымдарында жариялау мүмкіндігін береді, — деді журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Министр алдағы уақытта тараптар ғылыми гранттар мен ғылыми жобаларды сараптау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырғанын, өйткені ғылыми қауымдастық шағын және әртүрлі көзқарастар мен сараптамалардың әртараптануы өте маңызды екенін атап өтті.

Ол бұған дейін эквивалентті айырбастау туралы үлкен жеке келісімге қол қойылғанын еске салды.

— Енді бакалавриат, магистратура және докторантурада студенттер алмастыра аламыз, — деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ министр Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші университеттері арасында бірқатар екіжақты келісімге қол қойылғанын хабарлады.

— Еліміздің жетекші 22 университетінен де үлкен делегация келді. Ертең Қазақстан мен Әзербайжанның ADA университеті, Баку мемлекеттік университеті сияқты жетекші университеттері және біздің жетекші ұлттық политехникалық университеттер арасында 17 екіжақты келісімге қол қойылады, — деп қосты спикер.

Ол 4 наурызда екі күндік үлкен білім көрмесі басталатынын, онда барлық қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері болатынын айтты. Олар қазір Қазақстанда жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқан оқыту, білім алу және зерттеудің барлық мүмкіндіктері туралы әңгімелейді.

Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда 37-ге жуық шетелдік университеттердің филиалдары ашылды, олардың ішінде Кардев университеті, Эксетер, Белфасттың Queen’s университеті, Аризона университеті, Миннесота, Хериот-Ватт, KAIST және Кореяның жоғары технологиялық институты сияқты өте мықты университеттер ашылды.

Министр ғылым, білім, атап айтқанда, жоғары білім саласындағы күш-жігерді біріктіру, Қазақстан-Әзербайжан ғылыми қоғамдастықтарының күш-жігерін біріктіру екі ел халқының қарым-қатынасының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Бакуге ресми сапары барысында Премьер-Министр Олжас Бектеновті Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қабылдады.

Соңғы жаңалықтар