Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы Бакуде талқыланды

Талқылауларға Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің кеңесші-елшісі, Бауыржан Досманбетов, Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің хатшысы Алмаз Бүркітбаев, Әзербайжан парламентінің депутаты Асим Моллазаде қатысты.
«Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастар жоғары деңгейде, аталған қарым-қатынастардың кепілі екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Алиев»,-деді пікірталастың ашылуын жасаған Сарапшылар кеңесінің директоры Эльхан Алескеров.
«Қазақстан мен Әзербайжан тығыз достық қарым-қатынаста және олардың ғасырларды қамтитын ұзақ жылдарғы ортақ тарихы бар. Бұл қарым-қатынастар бүгінгі таңда өте жоғары деңгейде»,-деді Бауыржан Досмамбетов.
Ол Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылында саяси және экономикалық салалардағы қол жеткізілген ортақ жетістіктер туралы жан-жақты баяндады.
«Біз үшін тәуелсіз Қазақстан мәдени, мыңжылдық этникалық түп-негізі байланыстырып тұратын әріптес, бауырлас ел. Бүгінде бұл болашағына зор үміт артып отырған Орталық Азиядағы өркениетті, тәуелсіз ел»,-деді Әзербайжан парламентінің депутаты Асим Моллазаде.
«Қазақстан мен Әзербайжанды тек шығу тегі ғана емес, екі елдің мәдени құндылықтары да біріктіріп тұр,-деді Алмаз Бүркітбаев.
«Біздің елдеріміздің арасында ешқашанда қарама-қайшылықтар болған емес. Екі елдің халықтары қашанда бейбіт ғұмыр кешкен. Қазақстанда әзербайжандықтардың үлкен диаспорасы бар және олар елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысуда»,-деп қосты дипломат.