Қазақстан мен БАӘ арасында инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы талқыланды - ҚР СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлігіндегі Елшісі Қайрат Лама Шариф Шаржа Әмірлігі Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Абдалла әл-Уейспен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен БАӘ инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді, деп хабарлады ҚР СІМ Баспасөз қызметінен.
None
None

Кездесу басында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтап, жемісті ынтымақтастықтың көкжиектері одан әрі кеңейе түсетініне сенімді екенін жеткізді.

Сонымен қатар, сұхбат барысында Елші Қайрат Лама Шариф Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі туралы жан-жақты мәлімет беріп, Үкіметтің шағын және орта бизнеске қолдау көрсету саласындағы бастамаларымен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының басым бағыттарын дамытуға Шаржа Әмірлігінің іскер топтарын қатыстыру мен инвестициялық ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығы атап өтілді. Өз кезегінде, Абдалла Сұлтан әл-Уейс Шаржа Сауда-өнеркәсіп палатасы қазіргі кезде БАӘ СӨП жүйесіндегі ең ірі құрылым екенін және оған аталған Әмірліктегі 40 мыңнан астам орта және ірі бизнес өкілдері мүше екенін хабарлады. Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі Шаржа Әмірлігінің Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Абдалла әл-Уейсті биыл қазанда Алматыда өтетін II Халықаралық инвестициялық форумның жұмысына қатысуға шақырды. «Кездесу соңында Елші Қайрат Лама Шариф «Шаржа - ислам мәдениетінің 2014 жылғы астанасы» мәртебесін мерекелеу аясындағы іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті және Алматы 2015 жылы осы эстафетаны лайықты түрде қабылдап алатынына сендірді» делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар