Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларына жеткізілмек
Қазақстандық тарапты ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин, Беларусь тарапын - БР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Василий Матюшевский басқарды.
ҮАК отырысы барысында сауда, инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, ғылым және технология, көлік және логистика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.
Асқар Мамин Қазақстан мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақтағы, кеңестік кеңістіктегі елдерді біріктірудегі ықпалдастығы секілді барлық деңгейдегі мемлекетаралық байланыстардың табысты жүргізіліп келе жатқандығына тоқталды.
Тараптар 2017 жылғы 7 ай қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда айналымының артқандығын ерекше атап өтті. Мәселен, 2017 жылғы қаңтар-шілде аралығындағы сауда айналымы 313,7 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 75,6% өскендігі байқалды.
«2020 жылдарға қарай біздің елдеріміздің арасындағы сауда айналымын 1 млрд. АҚШ долларына жеткізуіміз керек», - деп атап өтті Мамин.
ҮАК қазақстандық тараптың тең төрағасы А. Маминнің айтуынша, Қазақстан мен Беларусь мемлекеттерінің өнеркәсіп кооперациясы, көлік-логистикалық секторда, ғарыш саласында, агроөнеркәсіп кешенінде, мәдени- гуманитарлық және ғылыми-техникалық салаларда бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыруға әлеуеті жеткілікті.
Тараптар Қазақстан мен Белорусь арасындағы көлік-логистикалық ықпалдасуды дамытудағы және шығаратын өнімдердің түрлерін көбейтіп, аудандастырудағы екі жаққа да тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ықылас танытты.
«Соңғы жылдары өңіраралық серіктестіктегі тұрақты өсім байқалады», - дей келіп В. Матюшевский: «Бүгінгі таңда Беларусьте қазақстандық инвестицияның қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын қызмет етеді. Беларусь тарапы инвестициялық жобалар мен өзара тиімді инвестицияларды одан әрі жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді», - деп атап өтті.
Тараптар мал өсіру және өсімдік шаруашылығы, мелиорация және жерді суландыру секілді бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін, ынтымақтастықтың болашағы зор бағыттары бойынша бірлескен Жұмыс тобын құрудың мүмкіндігін қарастырды.
Оның сыртында, қазақстандық компаниялардың ауыл шаруашылығы өнімдерін БР-ға, ал Беларусь өнімдерін ҚР-ға жеткізу жайларын талқылады.
Биылғы жылғы қарашада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында қазақстан-беларусь Іскерлік кеңесін құру жөніндегі Келісімге қол қою жоспарланып отыр.
Үкіметаралық қазақстан-беларусь сауда-экономикалық комиссиясы (ҮАК) 13-отырысының қорытындысы бойынша тиісті Хаттамаға қол қойылды.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Қарағанды облысына сапары барысында «Оңтүстік-Солтүстік» автокөлік дәлізінің Қарағанды-Теміртау теліміндегі құрылыс барысына инспекторлық тексеру жүргізіп, құрылыс басында көшпелі кеңес өткізді. Аталмыш жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 14 шақырымдық автожолда жолдың үстіңгі жабындысы төселіп, көліктік жол айырықтарының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс нысанын 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Қазіргі таңда жол құрылысын жүргізшілердің алдындағы басты міндет -жергілікті тұрғындардың қатынауына қиындық туғызбай, жол телімін жаңғырту жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы етіп тапсыруды қамтамасыз ету», - деп атап өтті А. Мамин.
А. Мамин өңірге сапары барысында «ҚазБелАЗ» БК, тау-кен байыту құрал- жабдықтарын шығаратын кәсіпорны, автокөлік құралдарын өтелге шығару кешені, жылына 4 миллион иньекциялық препараттар қорабын шығаруға мүмкіндігі бар фармацевтикалық кәсіпорындарында болып, жұмыстарымен танысты.