Қазақстан мен Бенилюкс мемлекеттері арасындағы заңсыз көші-қонмен күреске бағытталған келісім мақұлданды - Мәжіліс

Аталған хаттамаға 2015 жылдың 2 наурызында Брюссельде қол қойылған.
Келісім мен хаттаманың мақсаты тараптар аумағында заңсыз болатын адамдарды қабылдауды және шығарып жіберуге жататын адамдардың транзитін жалпыға бірдей қабылданған халықаралық құқық нормаларына сәйкес оңайлату болып табылады. Бұл ретте сұрау салатын Тарап сұрау салушы тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан кез келген адамды өтінішхаттар бойынша өз аумағына қабылдайтын болады.
«Құжат екі мемлекеттің аумағына кіру және болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және оларды қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кіріп, визасы, рұқсат мерзімі өтіп кеткендіктен сонда қалған адамдар жатады. Келісімді қабылдау заңсыз көші қонмен күресуге мүмкіндік береді, елдердің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, олардың транзитін жеңілдетеді», деді құжат бойынша баяндаған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.