Қазақстан мен БФР арасында визасыз жүйе енгізілді

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Бразилия Федеративтік Республикасына жасаған сапары аясында бірқатар келісім жасалып, маңызды құжаттар күшіне енді. Енді қос тарап алыс-беріс мәселесін дамытып, әртүрлі салада өзара тәжірибе алмасуды көздеп отыр. Бразилия - Латын Америкасындағы ең үлкен мемлекет. Әлемде жерінің көлемі жағынан бесінші, ал халқының саны бойынша 6-орынды иемденеді. Экономикасы да көш ілгері. Әсіресе бұл елде ауылшаруашылық саласы қарқынды дамыған. Ғылыми-технологиялық жетістігі де бар. G20, БРИКС, Дүниежүзілік сауда ұйымдарының мүшесі. Сондықтан бұл елмен байланысты нығайту біз үшін өте маңызды. Байланысты нығайтудың бастамасы барыс-келіс мәселесін ыңғайлаудан басталды. Қос елдің азаматтары бір-біріне кедергісіз қатынауды қамтамасыз ететін маңызды құжаттарға қол қойылды.
«Екі елге де тиімді әрі маңызды келісімдер жасалды. Қазақстан мен Бразилия арасында визасыз жүйе енді. Бұдан былай екі елдің азаматтары бір-біріне қалаған уақытында жүріп-тұрады. Келесі мәселе - экономикалық қатынасты дамыту. Яғни, импорт пен экспорттың үлесін ұлғайтуға күш саламыз», - атап өтті ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.