Қазақстан мен Чехия ел аумағында заңсыз болған адамдарды өзара қайтаратын болады - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Келісім 2011 жылы 23 ақпанда Прагада жасалған.
«Аталған құжат екі мемлекеттің аумағында кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визасының немесе рұқсат құжатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Келісімді ратификациялау халықаралық құқыққа сәйкес заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Оның айтуынша, құжатты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.