Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда көлемі азайды
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен өзара саудасы 6001,1 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

Аталған кезеңде экспорт көлемі 1988,1 млн АҚШ долларын құрап, 11,3 пайызға қысқарды. Импорт 4013 млн АҚШ долларын құрап, 3,6 пайызға төмендеген. ЕАЭО елдерімен сауда-саттық құрылымында негізгі әріптес – Ресей Федерациясы. Одақ елдерімен жалпы сауда көлемінің 89,3 пайызы осы елге тиесілі. Одан кейін Қырғызстан – 7,3 пайыз, Беларусь – 3,3 пайыз, ал Армения үлесі – небәрі 0,1 пайызды құрайды.Экспортталатын негізгі тауарлар қатарында: – шикі мұнай және битуминозды жыныстардан алынған шикі мұнай өнімдері – 52,3 пайыз; – тазартылған мыс пен өңделмеген мыс қорытпалары – 5,3 пайыз; – мыс кендері мен концентраттары – 4 пайыз; – ферроқорытпалар – 3,3 пайыз; – бидай және меслин – 2,3 пайыз бар.
Қазақстанның экспорттағы басты серіктес елдері: Италия (25,2%), Қытай (15,1%), Ресей (9,8%), Нидерланды (6,4%), Түркия (5,1%) және Өзбекстан (4,7%).Ал, импорт құрылымында ең көп үлес келесі тауарларға тиесілі: – жеңіл автокөліктер – 3,9 пайыз; – дәрілік заттар – 3,1 пайыз; – моторлы көлік құралдарына арналған шанақтар – 2,9 пайыз; – телефон аппараттары – 2,3 пайыз; – көлік құралдарының бөлшектері мен керек-жарақтары – 2,2 пайыз.
Ресми мәлімет бойынша импортта негізгі серіктес елдер қатарында Ресей (29,1%), Қытай (26,8%), Корея Республикасы (4,4%), Германия (4,2%), АҚШ (3%) және Түркия (2,7%) бар.Сондай-ақ статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қаңтар-наурыз аралығында Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымы 29272,2 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға қысқарған. Атап айтқанда экспорт көлемі – 16361,5 млн АҚШ долларын құрап, 11,9 пайызға төмендеген, ал импорт көлемі – 12911,1 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың деңгейінде қалған.Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық құрылтай мүшесі Жақсыбек Құлекеев Үкіметтің салық және бюджет саясатына қатысты өз пікірін білдірген болатын.
Сондай – ақ еліміздің сыртқы саудадағы басты серіктестері жайлы жазған болатынбыз.