Қазақстан мен ЕҚҚДБ 590 млн долларлық ЖЭК жобаларын талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов пен Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) өкілдері арасында кездесу өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Кездесу барысында экономиканы декарбонизациялау, жаңартылатын энергетиканы дамыту және электр инфрақұрылымын жаңғырту бағыттарындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыланды.
Кіріспе сөзінде вице-министр ЕҚҚДБ-ға энергетика секторының тұрақты дамуына қосқан көпжылдық қолдауы мен үлесі үшін алғыс білдірді. Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне сәйкес 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді жоспарлап отыр және төмен көміртекті экономика саясатын белсенді түрде іске асырып келеді.
— Тараптар жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін 2030 жылға дейін 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін (қазіргі 6%-дан) арттыру жөніндегі министрліктің жоспарларын егжей-тегжейлі талқылады. Аукциондарды жыл сайын өткізу және стратегиялық инвесторларды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, Энергетика министрлігі мен ЕҚҚДБ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы Меморандумның маңыздылығы атап өтілді. Бұл құжат аясында жалпы қуаты 788 МВт болатын ЖЭК жобаларына шамамен 590 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру тартылған, — делінген хабарламада.
Талқылаудың жеке блогы ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Әділетті энергетикалық көшу платформасын (JETP) құру бастамасы сөз болды. Бұл бастама климаттық қаржыландыруды тартуға және төмен көміртекті экономикаға инклюзивті көшуді дамытуға бағытталған.
Батыс Қазақстанның энергия жүйесін елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен (БЭЖ) біріктіру жобасы да ерекше атап өтілді. KEGOC компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын бұл жоба энергетикалық сенімділікті арттыруға, ЖЭК-ті интеграциялауға және батыс өңірлерде газ қуатын кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ЕҚҚДБ-мен бірлесіп іске асырылып жатқан Астана қаласының сыртқы электрмен жабдықтауын күшейтуге бағытталған жоба талқыланды. Бұл жоба аясында 500 кВ кернеулі жаңа әуе желісі мен екінші қоректендіру орталығы салынбақ. Жобаны 2028 жылға қарай іске асыру жоспарланып отыр.
Ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Қазақстанның Бакуде өтетін БҰҰ климаттық конференциясына (СОР-29) қатысуы, сондай-ақ «жасыл» энергетика мен трансшекаралық өзара іс-қимылды дамыту бойынша келісімдерге қол қоюы да атап өтілді.
Энергетика министрлігі ЕҚҚДБ-мен серіктестікті одан әрі нығайтуға, оның ішінде нақты ұсыныстарды талқылауға және әділетті энергетикалық көшу мен тұрақты даму саласындағы басым жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екенін білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қытай Қазақстандағы жаңартылатын энергетика жобаларына қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеген еді.