Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім қабылданды - Сенат

Еске сала кетейік, келісім Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Құжатқа 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада қол қойылған болатын.
Келісім Қазақстан мен Еуропалық Одақтың және оған мүше мемлекеттердің арасындағы өзара іс-қимылдың базалық қағидаттарын қамтитын негіз салушы құжат болып табылады. Жаңа келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы 1995 жылы қол қойылып, 1999 жылы күшіне енген қолданыстағы келісімді алмастырады. Құжат 9 бөлімнен 287 баптан, сауда бөлігіндегі жеті қосымшадан тұрады әрі ынтымақтастықтың барлық бағытын қамтиды.
«Қазіргі Еуропалық Одақ Қазақстанның аса маңызды әрі ірі сауда экономикалық әріптесі және инвесторы. Тауар айналымының елу пайызы мен тартылған шетелдік инвестициялардың елу пайыздан астамы ЕО үлесіне тиесілі. Ал Қазақстанның ЕО жалпы тауар айналымының көлемі 26-орынды иелене отырып, ЕО-ның басты сауда әріптестерінің ішінде отыз ірі мемелкеттер қатарына енеді. Келісім кешенді сипаттағы құжат болып табылады. Келісім саяси диалогты нығайтуды арттырады, қағидатты түрде жаңа бағыттар ретінде ғарыштық қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы күрес, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, атыс және жеңіл қараулардың таралымы, киберқылмысқа қарсы шаралар, дербес мәліметтерді қорғау, мемлекеттік қызмет саласы, климаттың өзгеруі, құқық қорғау салаларын атап өтуге болады. Құжатта бостандық, қауіпсіздік, әділет және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастыққа да барынша мән беріліп отыр. ЕО инновациялар, ғылым және технология, білім және мәдениет өзара іс қимыл одан әрі дамытылады», - деді Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Ал сенатор Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің саяси-экономикалық маңызы зор.
«Қазақстан ТМД елдері арасында Еуропалық Одақ бұндай келісімді жасап отырған бірден бір ел. Айта кетерлігі, келісім біздің елімізге саяси ассоциация мен экономикалық интеграция, терең саяси және экономикалық реформалар жүргізу бойынша ешқандай міндеттеме жүктемейді. Еуропамен ұзақмерзімді ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасына толық сәйкеседі. Бұл келісім Қазақстан мен Еуропалық Одақ қарым-қатынасының жаңа парағын ашатын болады», - деді Н. Әбіқаев.