Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа келісімнің ауқымдылығы қолданыстағы келісімге қарағанда 4 есеге артып отыр - СІМ

Келісім Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 2008 жылғы ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Құжатқа 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада қол қойылған болатын.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, Еуропалық Одақ - Қазақстан үшін ең басты сауда-экономикалық әріптес. Сондықтан да, бұл келісім Қазақстан үшін үлкен саяси маңызға ие.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы еліміздің Еуропалық Одақпен жаңа кеісіміне ерекше мән беріп отыр. Елбасы Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік елдер арасындағы ынтымақтастығымызды байытып, Қазақстанның бұдан әрі экономикалық және саяси жаңғыруына жол ашады деп санайды», - дейді Р. Василенко.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы 1995 жылдан бергі қолданыстағы келісімді алмастырады. Айта кетерлігі, қолданыстағы келісім ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты дамыту аясындағы өзінің рөлін толық атқарды.
Дегенмен, бұл Еуропалық Одақтың барлық ТМД мемелкеттерімен жасасқан типтік келісім болған еді әрі оның көптеген ережелері моральдық тұрғыдан ескірген болатын.
«Атап айтқанда, осы уақыттар аралығында әлемдегі саяси ахуал өзгерді, Қазақстанның Орталық Азия мен посткеңестік кеңістіктегі рөлі артты. Сонымен қатар, еліміздің экономикалық және саяси әлеуетінің нығаюы ЕО-пен қағидатты түрде «екінші буынның» жаңа келісімін қабылдауды уақыт талабы етіп отыр. Қолданыстағы келісіммен таза техникалық тұрғыдан салыстырғанда жаңа келісімнің сапалық және сандық өзгерістерін бірден байқауға болады. Мәселен, жаңа келісімнің қамтитын ауқымы қолданыстағы келісімге қарағанда 4 есеге жуық артты, ондағы баптарының өзі 3 есеге көбейді, қосымшалары, әсіресе сауда-саттық бөліміне ерекше мұқияттылық байқалады», - деді Р. Василенко.
Оның айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы қағидатты түрде жаңа бағыттар ретінде ғарыштық қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы күрес, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, атыс және жеңіл қараулардың таралымы, киберқылмысқа қарсы шаралар, дербес мәліметтерді қорғау, мемлекеттік қызмет саласы, климаттың өзгеруі, құқық қорғау салаларын атап өтуге болады.
Құжат алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылады.