Қазақстан мен ЕО виза режимін жеңілдету бойынша ресми келіссөздерді бастайды - Роман Василенко

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан мен Еуроодақ визалық режимді жеңілдету бойынша ресми келіссөздерді бастайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Роман ВАСИЛЕНКО
Кадр из видео

Silk Way телеарнасының New Time телебағдарламасына берген сұхбатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ЕО мен Қазақстан арасында қол қойылған кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім тараптардың визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздерді қарастыратынын айтты.

Ол Қазақстанның 2017 жылы Еуроодақтың барлық елдері үшін визасыз режим енгізгенін еске салды. Енді Қазақстан еуропалық әріптестерден Қазақстанға визалық режимді жоймай, азаматтарға виза беруді жеңілдетуді сұрап отыр.

- Осы жылдың басында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Еуропалық ішкі істер комиссиясының мүшесі, комиссар Ильва Йоханссонның кездесуінде визалық мәселеге жәрдемдесу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлауға қуаныштымын. Қазір Еуропалық Одақпен және оған мүше мемлекеттермен кеңесу процесі жүріп жатыр. Және бұл жақын арада жүзеге асады деп үміттенеміз. Мен нақты мерзімін атай алмаймын, бірақ қазақстандықтар үшін бұл процесс жеңілдей түсетіні анық, - деді Р.Василенко сұхбат барысында.

Алайда, ол бұл аталған процесті жүзеге асыруға жасалған алғашқы қадам ғана екенін атап өтті. Қазақстан да, ЕО да талпынып отырған визалық режимді жеңілдету туралы келісім реадмиссия (заңсыз мигранттарды қайтару) туралы келісіммен қатар жүреді. Бұл Қазақстан Еуропалық Одақ аумағында заңсыз жүрген азаматтарды кері қабылдауға міндеттелетінін білдіреді.

- Біз еуропалық серіктестерімізбен өзара қарым-қатынас жасап, олардың бізбен жұмыс жасап жатқанына қуаныштымыз және жақын арада жақсы жаңалықтармен бөлісеміз деп үміттенемін», - деп қосты Василенко.

Соңғы жаңалықтар