Қазақстан мен Эстония ректорларының форумы өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Эстония Президенті Алар Каристің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Эстонияның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы жетекші ұйымдарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Қазақстан мен Эстония ректорларының форумы өтті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Форумды Эстония Президенті ашып, жаһандық өзгерістер жағдайында білім берудің маңызды рөліне тоқталды.

Қазақстан мен Эстония ректорларының форумы өтті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

– Білім әрқашан прогрестің негізі болып келді. Бүгінде ол тарихтағы ең ауқымды трансформациялардың бірін бастан өткеріп жатыр. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар біздің оқу, жұмыс істеу және бір-бірімізбен өзара әрекеттесу тәсілдерімізді өзгертуде. Дәл осындай жылдам өзгерістер кезеңінде университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары қоғамға күрделі үдерістерді түсінуге көмектесіп, инновациялардың адам дамуына қызмет етуін қамтамасыз ету арқылы шешуші рөл атқарады, – деді А.Карис.

Форум жұмысына ҚР Ғылым и жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, вице-министр Гүлзат Көбенова, сондай-ақ Эстония Білім және зерттеу министрлігінің вице-министрі Райво Вьенталь қатысты. Эстония Президентімен ресми делегация құрамында Қазақстанға жетекші университет ректорлары келді.

Эстония Президенті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Эстония тарапынан форумға Tallinn University, Estonian Academy of Arts, Estonian University of Life Sciences, Tallinn University of Technology, Estonian Academy of Music and Theatre, Tartu University атты жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында шақырылған сарапшы – екітілді және көптілді білім беру, білім беру жүйелерін реформалау және адами капиталды дамыту саласындағы танымал эстон зерттеушісі Пеэтер Мехисто дәріс оқыды. Ол жоғары білім беру саласында кадр даярлаудың озық тәжірибелерімен бөлісу мақсатында «Estonia's PISA Success Story: Key Investments» тақырыбында баяндама жасады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Талқылау барысында жоғары білім беру саласындағы саясат бағыттары, институционалдық стратегиялар, ортақ сын-тегеуріндер, оқыту мен оқудағы инновациялық және бірлескен тәсілдер, сондай-ақ бірлескен ғылыми орталықтар мен зертханалар құру мәселелері қарастырылды. Цифрландыруды дамыту және жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу бағытындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Форум екіжақты құжаттарға қол қою рәсімімен аяқталды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Таллин технологиялық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Таллин университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Таллин университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, М.Нәрікбаев университеті мен Таллин университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Эстонияның табиғи ғылымдар университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім, Almaty Management University және Таллин технологиялық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім қабылданды.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алар Карис келіссөздер қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Соңғы жаңалықтар