Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы әріптестіктің Еуразиядағы маңызы арта түсті — сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық экономикалық және әлеуметтік комитет (ЕЭӘК) наурыз айындағы пленарлық отырысында Еуроодақ пен Қазақстандағы азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Қазақстан мен Еуроодақ арасында қол қойылған кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (EPCA) сауда, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы және байланыс сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастықтың тереңдеуіне ықпал етті.
— Цифрлардың өзі айтып тұр, Қазақстан ЕО-ға импортталатын фосфордың 71% және титанның 36% жеткізеді, бұл елді Еуропаның өнеркәсіптік саясатының негізгі элементі ретінде көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстанда Еуропалық комиссияның маңызды шикізаттар туралы заңында көрсетілген 34 элементтің 33-і бар. Олардың 19-ы қазір өндірілуде, ал қалған 14 элементтің өндірісі алдағы уақытта жоспарланған, — деп атап өтті еуропалық тарап.
Соған қарамастан, ЕЭӘК EPCA келісімін және ЕО-ның «Жаһандық шлюз» (Global Gateway) стратегиясын Қазақстан мен Орталық Азияда жүзеге асыру азаматтық қоғам ұйымдарының қатысуынсыз мүмкін емес деп есептейді.
— Ұлы державалар арасындағы бәсекелестік күшейіп, жаһандық жеткізу тізбектері қайта құрылып жатқан, ал Еуроодақ экономикалық тұрақтылықты стратегиялық мақсат етіп қойған кезеңде Қазақстан мен ЕО арасындағы маңызды шикізат ресурстары (CRMS) бойынша әріптестік Еуразиядағы геосаяси экономикалық саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналуда, — деді ЕЭӘК мүшесі, Қазақстан бойынша негізгі баяндамашы Думитру Форнеа.
Думитру Форнеа ЕО мен Қазақстан арасындағы шикізат саласындағы стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумды ілгерілетуде азаматтық қоғамның қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Қорытындылай келе, ЕО мен Қазақстандағы ұйымдасқан азаматтық қоғам арасындағы қатынастар бірнеше басымдыққа негізделген іс-қимыл жоспары мен ЕО-ның Орталық Азияға арналған жаңа стратегиясының мақсаттарына сәйкес дамуы мүмкін екендігін айтып отыр.
Бірінші Еуроодақ — Орталық Азия саммитінде не талқыланатынын сілтемеге өтіп оқуға болады.