Қазақстан мен Еуропалық Одақ серіктестіктің серпінді кезеңіне қадам басады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатында Еуропалық Одақпен қарым-қатынасқа мейлінше маңыз беріліп келеді. Әсіресе, соңғы жылдардағы күрделеніп кеткен әлемдік ахуал, жетекші державалар арасындағы қырғи-қабақтық текетірес, өзара санкциялар секілді алмағайып заманда мемлекеттерді алыстату емес, керісінше жақындастыру саясатын ұстанған Қазақстан үшін Еуропалық Одақпен байланысты дамыту аса өзекті болып табылады. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық Одақ елдерімен серіктестік пен ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңін айқындау үшін жаңа келісім әзірлеуді жүктеген болатын.
None
None

Бүгін Парламент Сенаты Қазақстан мен Еуропа қауымдастығының жаңа парағын ашатын осынау тарихи құжатты ратификациялады. Енді бұған дейінгі келісімді алмастыратын «Бір жағынан Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан Еуропалық Одақтың және оған мүше мемлекеттерінің арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы Мемлекет басшысының қол қоюынан соң күшіне енетін болады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттер арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы бірінші Келісім 1995 жылғы 23 қаңтарда 10 жыл мерзімге қол қойылып, ол 1999 жылғы 1 шілдеде күшіне енген болатын. Осы ескі келісімді жаңарту туралы Елбасы Н. Назарбаев Еурокомиссияның сол кездегі басшысы Жозе Мануэль Баррозумен кездесуінде көтерген болатын. Сол кездесуде тараптар өткен он жыл ішінде әлемде жаңа қауіп-қатерлер туындап, әлемдік экономикалық архитектураның өзгергенін мойындаған еді. Осылайша, жаңа келісімге бастама жасалды.

Ал Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім бойынша келіссөздер 2011 жылғы 27 маусымда Брюссельде бастау алды.

2014 жылғы 9 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Брюссельге ресми сапары барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім бойынша келіссөздерді аяқтау туралы саяси хаттамаға қол қойылды. Нәтижесінде былтырғы 2015 жылдың 21 желтоқсанда Астанада Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерике Могерини Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстан Орталық Азияның Еуроодақпен кең ауқымдағы ынтымақтастықты тұтастай қамтитын жаңа құжатқа қол қойған алғашқы елі болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл ТМД кеңістігінде де теңдессіз құжат саналады. Жаңа келісім сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы, оның ішінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуын және Еуразиялық экономикалық одақты дамытуды қоса алғанда, Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимыл шеңберін едәуір ұлғайтады және ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастық бағыттарына экономика және қаржы, көлік, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, білім және зерттеу, сондай-ақ деректерді қорғау, көші-қон, заңның үстем болуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес салалары кіреді. Тараптар сонымен қатар терроризмге және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты күшейтуді, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа көмектесуді көздеуде.

Сарапшылардың айтуынша, 1999 жылғы келісімді алмастыратын жаңа құжат бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ауқымды: 9 бөлімнен, 287 баптан, сауда бөлігіндегі жеті қосымшадан тұрады әрі ынтымақтастықтың барлық бағытын қамтиды. «Қазіргі Еуропалық Одақ Қазақстанның аса маңызды әрі ірі сауда экономикалық әріптесі және инвесторы. Тауар айналымының 50 пайызы мен тартылған шетелдік инвестициялардың 50 пайыздан астамы ЕО үлесіне тиесілі. Ал Қазақстанның ЕО жалпы тауар айналымының көлемі 26-орынды иелене отырып, ЕО-ның басты сауда әріптестерінің ішінде 30 ірі мемлекеттер қатарына енеді. Келісім кешенді сипаттағы құжат болып табылады: саяси диалогты нығайтуды арттырады, ондағы қағидатты түрде жаңа бағыттар ретінде ғарыштық қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы күрес, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, атыс және жеңіл қараулардың таралымы, киберқылмысқа қарсы шаралар, дербес мәліметтерді қорғау, мемлекеттік қызмет саласы, климаттың өзгеруі, құқық қорғау салаларын атап өтуге болады. Құжатта бостандық, қауіпсіздік, әділет және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастыққа да барынша мән беріліп отыр. ЕО инновациялар, ғылым және технология, білім және мәдениет өзара іс қимыл одан әрі дамытылады», - деді Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.

Диалогқа келсек, Қазақстан экономиканы жаңғырту және әртараптандыру жасап, «жасыл экономикаға» көшу, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру ісінде Еуропалық Одақтың көмегі мен тәжірибесін мейлінше кең пайдаланатын болады. ЕО-та өз тарапынан Қазақстанмен жасалған жаңа келісімге үлкен мән береді. Олардың пікірінше, жаңа келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды терең дамытуға едәуір қарқын беріп, өңірдегі басқа елдерге жарқын үлгіге айналады.

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, тұтастай алғанда Қазақстан мен ЕО арасындағы «екінші буын» келісімі ынтымақтастықтың ауқымын айтарлықтай ұлғайтады. Мәселен, Сыртқы істер министрлігі Қазақстан ЕО арасындағы іс-қимылдың жаңа кезеңге шығатынын ескере отырып, «ЕО-ЕАЭО» желісі бойынша ынтымақтастық орнату идеясын ілгерілетуге күш салатын болады. «Тұтастай алғанда, кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау Қазақстанның ЕО қарым қатынасын дамытудың жаңа кезеңіне айналады, бұл қатынастардың сапалы жаңа деңгейге көшкенін растайды. Құжат қабылданғаннан кейін Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қол жеткізілген келісімдер мен уағдаластықтарды іске асыру бойынша Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты тұтастай қамтитын бағдарлама жасауға кірісетін болады», - деді министр Ерлан Ыдырысов.

Оның айтуынша, келісім саяси диалогты нығайтуды арттырады, қағидатты түрде жаңа бағыттар ретінде ғарыштық қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы күрес, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, атыс және жеңіл қараулардың таралымы, киберқылмысқа қарсы шаралар, дербес мәліметтерді қорғау, мемлекеттік қызмет саласы, климаттың өзгеруі, құқық қорғау салаларын атап өтуге болады. Құжатта бостандық, қауіпсіздік, әділет және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастыққа да барынша мән беріліп отыр. ЕО инновациялар, ғылым және технология, білім және мәдениет өзара іс қимыл одан әрі дамытылады.

«Келісім арқылы Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдету, Қазақстанды нарықтық экономикасы бар мәртебесін беру, еліміздің авиакомпанияларын ЕО шектеу тізімінен шығару жұмыстары жандана түседі. Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа келісім еліміздің таңдап алған ұлттық бағытына, «Қазақстан-2050» стратегиясына, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға, бес институттық реформаны, Ұлт жоспарына толықтай сәйкес келеді»,- деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

Ал сенатор Нұртай Әбіқаевтың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің саяси-экономикалық маңызы зор. Сенатордың сөзіне қарағанда, Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасында Еуропалық Одақ бұндай келісімді жасап отырған бірінші мемлекет. «Баса тоқтала кететін жайт, келісімнің екі элементі бар. Біріншісі - демократиялық қағидаларды, адам құқығын және заң үстемдігін басшылыққа алу. Екіншісі - жаппай қырып-жою қаруын таратпау. Қазақстан келісімді ратификациялағаннан кейін және құқықтық қағидаттардың уақытша қолданылуы басталғаннан соң тараптар бірінші элемент бойынша міндеттемелерін қатаң орындауы керек. Ал екінші элемент бойынша міндеттемелер келісім күшіне енгеннен соң ғана орындалатын болады. Жалпы айтқанда, Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа келісімде Еуропалық Одақпен саяси ассоциация және экономикалық интеграция бойынша, сондай-ақ, терең саяси және экономикалық реформалар жүргізу бойынша ешқандай міндеттемелер қарастырылмаған. Украина, Молдова, Грузия секілді елдердің келісімінен басты ерекшелігі де осында. Еуропамен ұзақмерзімді ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасына толық сәйкеседі», - деді Н. Әбіқаев.

Түйіндей айтсақ, Қазақстан мен Еуропалық Одақ қарым-қатынасының жаңа парағын ашатын болады. Оның ішінде сауда-экономикалық байланыс жанданатыны да сөзсіз, өйткені құжатта ынтымақтастықтың экономикалық блогына үлкен мән беріліп отыр. Айта кетерлігі, Тәуелсіздіктен бері Еуропалық Одақ Қазақстанның жетекші сауда әрі инвестициялық әріптесіне айналып отыр. Мысалы, Қазақстанның Еуропалық Одақ елдерімен тауар айналымы 2015 жылы 31 млрд доллларды құрады, бұл еліміздің жалпы сауда айналымының 51,4 пайызына тең. Ал елімізге тікелей инвестициялар жалпы 215 млрд доллар болса, соның ішінде Еуропа Одағының үлесіне тиетін инвестиция - 100 млрд доллардан асады.

Соңғы жаңалықтар