Қазақстан мен Франция арасында саяси, іскерлік, экономикалық және мәдени салаларда ерекше өзара қарым-қатынастар қалыптасты

Сапар барысында Қазақстан мен Франция басшыларының Франсуа Олландтың биылғы жылдың маусымында президенттік сайлаудағы жеңісінен кейінгі бірінші кездесуі жоспарлануда. «Елисей сарайында» өтетін алдағы кездесу туралы Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олланд ағымдағы жылдың қыркүйек айында телефон арқылы сөйлесу барысында келісті.
Бұдан басқа, ертең Қазақстан Президентінің танымал мемлекеттік қайраткер, Еуропалық қайта құру және даму банкінің бұрынғы президенті Жак Атталимен және Францияның іскерлік орталарының өкілдерімен кездесуі күтілуде.
Қазақстан мен Франция арасында саяси, іскерлік, экономикалық және мәдени салаларда ерекше қарым-қатынастар орнатылғанын атап өткен жөн. Мәселен, 1992 жылдың қаңтарында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғалы бері бұл Н.Назарбаевтың Францияға жетінші сапары болып табылады.
Қазақстанда сапармен Франция Президенті Ф.Миттеран (1993 жылдың қыркүйегі), премьер-министр Ф.Фийон (2008 жылдың ақпаны мен 2010 жылдың желтоқсаны) және Президент Н.Саркози (2009 жылдың қазан айы) болды.
Бұдан басқа, 2007 және 2010 жылдары Н.Назарбаев пен Н.Саркозидің БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясы мен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиті аясында кездесулері өтті.
ҚР Президентінің 2008 жылдың 10-11 маусымында Францияға жасаған сапарының негізгі қорытындысы екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылу болды. Франция Қазақстан Республикасы осыған ұқсас құжатқа қол қойған алғашқы еуропалық ел болды. Н.Назарбаев Францияның жоғарғы мемлекеттік наградасы - «Үлкен крест Құрметті легион» орденімен марапатталды.
Н.Саркозидің 2009 жылдың 6 қазанында Астанаға жасаған сапарының нәтижесінде «Назарбаев-Саркози» Комиссиясы құрылды. Экономиканың нақты секторын дамыту, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, әскери, әскери-техникалық, ғарыштық ықпалдастық, қылмысқа және жемқорлыққа қарсы күрес, ҚР аумағы арқылы Францияның әскери мүлкі мен персоналының транзиті және дипломатиялық төлқұжаттардың иелеріне визалық режімді жеңілдету бағыттарында Келісімдерге қол қойылды. Жалпы сомасы 4 млрд. еуроға 13 келісімшарт жасалды. Н.Саркози ҚР жоғарғы мемлекеттік наградасы - «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.
Елбасының 2010 жылдың 27-28 қазаны күндері Парижге жасаған сапары барысында «Назарбаев-Саркози» Комиссиясының алғашқы отырысы өтті, сондай-ақ Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласында ықпалдастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды, жалпы сомасы 2 млрд. долларға келісімдер жасалды.
2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Францияның тауар айналымы 6,1 млрд. долларды құрады, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 20 пайызға көп. Ал ағымдағы жылдың басынан бері тауар айналымы 4,9 млрд. долларды құрады, бұл 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға жоғары.
Қазақстандық экспорттың негізін мұнай, металдар және металл өнімдері, химия өнімдері, ауылшаруашылық азық-түліктер құрайды.
Қазақстан Франциядан электр, электрондық және механикалық жабдықтарды, тұтыну тауарларын, дәрі-дәрмектер мен косметиканы, автомобильдерді, азық-түлік жне құрылыс материалдарын импорттауда.
1993 жылдан бастап 2012 жылдың 21 наурызына дейін Франциядан Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 9,25 млрд. астам долларды құрады.
Соңғы екі жылда 7 ірі бірлескен жоба іске асырылды:
- Франциялық аэробустар үшін бөлшектерді шығару бойынша Өскеменде және Францияда бірлескен кәсіпорын құрылды;
- Алматы облысында «ДАНОН» сүт компаниясының өнімдерін шығаратын зауыт салынды;
- Жамбыл облысындағы цемент зауыты пайдалануға берілді;
- «Химфарм» АҚ-да Эссенциале препаратының өндірісі ретке келтірілді;
- Өскеменде және Астанада металлургиялық кремнийдің өндірісі іске қосылды;
- Қазақстан-франция технологиялар трансфертінің орталығы іске қосылды;
- Ақшабұлақ кен орнында газ-турбиналық электр стансысы салынды.
Қазіргі кезде тағы 10 жоба іске асырылу үстінде.
Қазақстан мен Франция экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия мен құрамына қазақстандық және франциялық 68 бизнесмен кірген қазақстан-франция іскерлік кеңесін құрды.