Қазақстан мен Франция ғарыш саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда
Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олландың қатысуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Франция Республикасының Үкіметі арасында Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін және ғарыш аппараттарын құрастыру мен сынау кешенін құру және оны пайдалану шарттары туралы 2009 жылғы 6 қазандағы Келісімге өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Құжатқа Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Этьен мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев рұқсатнама қойды. Сонымен қатар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен Airbus Defence and Space арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға қол қойғандар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президенті м.а. Марат Нұрғожин мен Airbus Defence and Space-тің аға вице-президенті Лаппорт Вейвада болды. «Қазғарышта» аталмыш келісімдердің мақсаттары мен міндеттері туралы айта отырып, «бұл екі құжат та ҚР-да Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құрудың біріккен жобаларын жүзеге асыру бойынша әрі қарайғы ынтымақтастықты дамыту, Астанада ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салу мақсатында қабылданғанын» атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, қазір орбитада жоғары (1 м) және орташа (6,5 м) кеңістіктік сипаттағы Жерді қашықтықтан зондтаудың екі қазақстандық ғарыш аппараты жұмыстар жүргізуде, оларды француздық Airbus Defence and Space компаниясы жасаған. Қазіргі кезде ЖҚЗ жерсеріктерін орбитада сынау жүргізіліп жатыр, мұны қазақстандық мамандар бақылауда. Ал Астанада Ұлттық ғарыш орталығында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы басталды.