Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 100 млн АҚШ долларынан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы делегациясы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің жетекшілігімен Еуропадағы ең ірі аграрлық көрмеге қатысты.
Халықаралық ауыл шаруашылығы жәрмеңке — көрмесі осымен 62 рет өткізілді. Дәстүрлі шараға Франциядан және серіктес елдерден мыңнан астам фермерлер, мал өсірушілер, өңдеуші кәсіпорындар мен агроөнеркәсіптік өнім өндірушілер жиналды. Алаң өзара белсенді пікір алмасу мен нақты келісімдер жасалатын орталыққа айналды.
Іскерлік бағдарлама аясында қазақстандық делегация ветеринария, селекция, генетика және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мәселелері талқыланған конференциялар мен салалық кездесулерге қатысты. Әсіресе, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, саланы технологиялық жаңғыртуға және мал шаруашылығына заманауи шешімдерді енгізуге баса назар аударылды.
«Франция–Қазақстан» бизнес-конференциясында сөз сөйлеген Аманғали Бердалин мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Осы жолда 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Жоспарда жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алу және ветеринариялық жүйені жаңғырту көзделген.
— Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы өзара тауар айналымы 100 миллион АҚШ долларынан асты. Қазақстан соя бұршағын, өсімдік майларын және этил спиртін экспорттайды, ал азық-түлік және сүт өнімдерін, шырындарды импорттайды. Біз генетика мен агротехнологиядан бастап білім беру және бірлескен ғылыми жобаларға дейінгі ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отырмыз, — деді вице-министр.
Айта кету керек, практикалық ынтымақтастық қазірдің өзінде дамып келеді. SYNETICS компаниясы Қазақстанның салалық ғылыми ұйымдарымен, соның ішінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Франция тарапы қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдары бойынша етті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамыту бағдарламаларын әзірлеу тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді.
Кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен кездесулер барысында қазақстандық жылқы етін Еуропа нарығына шығару мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілді.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі DGSANTE мекемесімен отандық өнімдерді Еуропа Одағы нарығына шығару талаптарын келісу бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Сонымен қатар акваөсіру және ара шаруашылығы өнімдерін экспорттау мүмкіндіктері қарастырылуда.
Биоқауіпсіздік саласында Boehringer Ingelheim компаниясымен келіссөздер өтті. Аталған компания QazBioPharm ұйымымен бірлесіп Қазақстанда аусылға қарсы вакциналар өндіру жобасын жүзеге асырған.
Сондай-ақ ANSES, INRAE зерттеу институты және SEMAE тұқым шаруашылығы компанияларының бірлестігімен кездесулер өтті. Селекция, жемшөп өндірісі және инновациялық шешімдерді енгізу бағытындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Қанат Тіреуов Францияның аграрлық университеттері бірлестігі мен ұлттық ветеринариялық институттары өкілдерімен кездесу барысында Қазақстанда желілік агротехнопарк ашылғанын ата өтті. Бұл орталық бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуы Франциямен әріптестікті тереңдетуге, агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға және елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған жүйелі саясатты айқын көрсеткіші.
Айта кетелік АШМ фермерлерге тікелей субсидия беру тетіктерін түсіндірген еді.