Қазақстан мен Франция: экономиканы негізге алған кәрі құрлықтағы серіктес

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға мемлекеттік сапармен ат басын бұрады. Батыс Еуропада орналасқан бұл ел қазір өз құрлығында ғана емес, жаһанда да ықпалды мемлекеттер қатарына кіреді. Кезекті сапарда екі ел басшылары бірқатар келіссөздер өткізіп, көптеген салаларды, соның ішінде экономикалық серіктестікті дамытуға негізделген шешімдер қабылдауы мүмкін. Сонымен, Kazinform тілшісі Қазақстан мен Франция қарым-қатынасының нығаюын жан-жақты қамтып көрді.

Қазақстан-Франция
Коллаж: Canva

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмманюэль Макронның шақыруымен 4-5 қараша күндері Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, сапар барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Францияның іскер топтарының бірқатар өкілімен кездеседі.

Стратегиялық әріптестіктің жандануы

Қазір Батыс Еуропада орналасқан Франция Қазақстанның маңызды стратегиялық, сауда-экономикалық және саяси әріптесі саналады. Бұған дейін Францияның Орталық Азиямен саудасының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі екені айтылған. Аталған ел экономика көлемі жөнінен Еуропалық одақта алғашқы үштікке, әлемде алғашқы ондықтың арасында жүреді.

Қазақстан мен Франция арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 25 қаңтарында орнады. Бұдан кейін Францияның бірінші тұлғалары Қазақстанға 4 мәрте ат басын бұрды – 1993 жылы Франсуа Миттеран, 2009 жылы Николя Саркози, 2014 жылы Франсуа Олланд және 2023 жылы Эмманюэль Макрон.

2022 жылдың қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронның шақыруымен Францияға ресми сапармен барғаны белгілі. Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық қатынастарды нығайту жөнінде келіссөздер жүргізіп, Орталық Азия өңірі мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның іскерлік ортасының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, онда энергетика, көлік және басқа да салаларға қатысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Тілге тиек, 2021 жылы екі ел арасында Қазақстан-Франция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі жол картасына қол қойылғаны бар. Бұл Эмманюэль Макронның бастамасы еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Францияға сапары барысында жалпы сомасы 3 млрд доллар болатын 25 құжатқа қол қойылған.

Сол жолғы сапарда Мемлекет басшысы Франция президентін Қазақстанға келуге шақырған еді. Өз кезегінде 2023 жылы 1 қарашада Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келді. Екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізіп, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаған болатын.

Касым-Жомарт Токаев и Эмманюэль Макрон посетили выставку «Этноаул»
Фото: Ақорда

Былтыр Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келгенінде халөымыздың бай мұрасын таныстыратын «Этноауыл» көрмесі ұйымдастырылғаны есте. Кәрі құрлықтан келген жоғары мәртебелі меймандар жеміс-жидекпен безендірілген «Көк базарды», қолөнер бұйымдарын және қазақ суретшілерінің картиналарын, отандық дизайнерлер әзірлеген ұлттық сән үлгілерінің дефилесін тамашалады.

Этноауыл аумағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронға балуандарымыз қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін, жас жеткіншектер асық ойынын, ал саятшылар мен құсбегілер тазы иттері мен қыран құстарын көрсетіп, аңшылық дәстүр туралы әңгімелеп берді. Экскурсия соңында екі ел басшылары қазақтың ұлттық ойыны – асық атты. Ойын алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Макронға асықты қалай көздеу керегін түсіндірген сәтінің бейнесі әлемдегі беделді ақпарат құралдарын шарлап кеткен еді.

Қазақстанның Франциямен өзара саудасы

Франция қазір Қазақстан үшін Еуропадағы ең негізгі экономикалық серіктестердің бірі екенін айта кеткен жөн. 2023 жылы екі елдің ортақ тауар айналымы 4,2 млрд долларға жетті. Оның 2,9 млрд доллары Қазақстан экспортының еншісінде. Ал 2024 жылдың алғашқы 8 айында тауар айналымы 4 млрд долларға жетіп үлгерген. 2,7 млрд доллары еліміздің экспортына тиесілі. Бұл қарқынмен екі ел тауар айналымын 2024 жылдың қорытындысында 6 млрд долларға жеткізе алуы мүмкін.

Франция
Инфографика: Kazinform

 

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда француз капиталының қатысуымен жұмыс істейтін компания саны 2024 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, 137 болған. Олар негізінен сауда (39), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (23), ақпарат және байланыс (11) саласында іс жүргізуде.

Ал инвестиция бойынша Франция Қазақстанның ең үздік 5 әріптесінің қатарына кіреді. 2023 жылы еліміздің экономикасына 884,5 млн доллар қаржы құйды. Өз кезегінде қазақстандық инвесторлар аталған елге 700 мың доллар ақша салған.

Қазақстан Францияға не тасымалдайды? Биыл алғашқы 8 айдың есебін шолып қарасақ, еліміз негізінен

  • · мұнай (2,4 млрд доллар)
  • · уран (158,4 млн доллар)
  • · титан (51,3 млн доллар)
  • · турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар (19,1 млн доллар)
  • · сутегі, инертті газдар (5,5 млн доллар)
  • · рапс тұқымы (5,2 млн доллар)
  • · электр машиналары мен арнайы мақсаттағы аппаратура (3,8 млн доллар)
  • · сублимацияланған, тұндырылған күкірт (1,4 млн доллар) жеткізген.

Ал Франция Қазақстанға

  • · ұшу аппараттарын (596,7 млн доллар)
  • · дәрілік заттар және иіссулар (32,6 млн доллар)
  • · косметикалық құралдар, сәндік косметика (30,3 млн доллар)
  • · электр аппаратурасына арналған пульттер, панельдер, үстелдер (23,8 млн доллар)
  • · электр тоғын басқаруға арналған аппаратура бөліктері (23,8 млн доллар)
  • · көмір электродтарын (23,5 млн доллар) тасымалдаған.

Екі ел байланысы одан әрі жақсарады

Кейінгі жылдары Астана мен Париж арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың серпіні едәуір өсті. Бұған екі ел басшысының жоғары деңгейдегі сапарлары дәлел бола алады. Өткен жылы Астана мен Париж негізгі стратегиялық құжатқа қол қойылғанына 15 жыл толуын атап өтті.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдірешевтің айтуынша, Қазақстан мен Францияның маңызды бағыттарының iшiнде сауда-экономика, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлiк-логистика, мәдениет және енді дамып жатқан су саласы бар.

– Ынтымақтастық перспективалары жыл сайын компонентті бола түсуде. Астана мен Париж қарапайым сауда ықпалдастығының аясынан әлдеқашан асып кетті. Мысалы, француз компаниялары су шаруашылығы объектілерін салу және жаңғырту жөніндегі қазақстандық жобаларға қатысуға қызығушылық танытуда. Бұл Қазақстандағы суды үнемдеу саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға елеулі үлес қосады.

Фермерлік шаруашылық саласы да айтарлықтай перспективалы болуы мүмкін. Франция елімізден жылқы етін импорттауға қызыға бастады. Жалпы алғанда, Қазақстан кәрі құрлық елдеріне пайдалы қазбалардан бөлек әртүрлі өнімдерін ұсына алады, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Франция Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси және экономикалық серіктесінің қатарына кіреді. Сондықтан екі ел басшысының кездесуінде халықаралық, аймақтық мәселелер бойынша талқылаулар болуы мүмкін. Осы арқылы еліміз кәрі құрлықтағы жетекші елдің бірімен байланысын одан әрі жақсарта бермек.

Соңғы жаңалықтар