Қазақстан мен Германия арасында заңсыз көші-қонмен күресуге бағытталған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы келісімді (реадмиссия туралы келісім) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған келісім 2009 жылдың желтоқсан айында Берлинде жасалып, оған Қазақстан мен Германияның сыртқы істер министрлері қол қойған.
«Заң жобасы Қазақстан мен Германия елдерінің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визаның рұқсат мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Тұтастай алғанда, келісім заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, сондай-ақ олардың транзитін жеңілдетеді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Министрдің айтуынша, заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды. Сондай-ақ, заңды қабылдау қосымша қаражатты талап етпейді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.