Қазақстан мен Германия ғылым мен білім салаларында тығыз ынтымақтастық орнатады
«TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының сарапшысы Ерік Батырханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары өте маңызды екендігін атап өткім келеді. Халықаралық қарым-қатынаста түрлі деңгейдегі алуантүрлі сапарлардың бар екені белгілі. Ал бұл – Мемлекет басшымыздың ресми сапары. Президентімізді ұшақ басқышынан қарауыл қарсы алды. Яғни, бұл кездесудің қаншалықты жоғары деңгейде өтетіндігін білдіреді. Осы жылдың маусымында Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға сапарлағанын айта кеткен жөн. Ол да жоғары деңгейдегі сапар болды», - деді ол агенттік тілшісіне.
Сарапшы Қазақстан Президентінің сапары Орталық Азия елдері және Германия басшыларының кездесуі қарсаңында өтіп жатқанына назар аудартты.
Оның айтуынша, Германияда технология, өнеркәсіп, кен өндіру өте жақсы дамыған. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде сирек кездесетін металлдарды барлау қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті.
«Ал ол тек шығынды ғана емес сонымен қатар технологияларды да қажет етеді. Осыған орай бұл бағытта да әңгіме болады деп ойлаймын. Еліміздің аумағында пайдалы қазбаларды барлағаны, өндіргені үшін оның орнына технология аламыз. Менің білуімше, кен жерімізде өндіріліп қана қоймай өңделуі үшін келіссөз жүргізіледі. Ал бұл технология мүлдем басқа, барынша күрделі процес», - деді сарапшы.
Ерік Батырхановтың атап өтуінше, Қазақстан мен Германия шикізат негізінде ғана ынтымақтастықты жол қоймайды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы жұмыс істейді. Инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмыс тобы – Берлин еуразиялық клубы бар.
«Яғни, елдеріміз арасындағы өзара іс-қимыл үшін өте көп алаң бар. Білім саласын айтар болсақ, Есенов атындағы Каспий технология және инженерия университеті базасында Қазақстан-неміс тұрақты инженерия институты ашылды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан техника университетінің базасында Қазақстан-неміс ғылым жне технология институтын ашу жоспарланған. Яғни, ғылым, білім салаларында тығыз ынтымақтастық жүріп жатыр. Меніңше, Германия – еуропалық қуатты мемлекеттердің бірі. Еуропалық одақтағы күрделі геосаяси ахуалды ескерер болсақ, Германия Орталық Азияға қайтадан ашылады және Қазақстан тағы да көшбасы болады», - деді ол.