Қазақстан мен Германия прокурорлары халықаралық лаңкестік нәубетіне қарсы тұру тәжірибелерімен алмасады - конференция
Оған Германия прокурорлары, Қазақстанның мемлекеттік органдары мен оқу орындарының өкілдері қатысты.
Конференцияда халықаралық лаңкестік пен экстремизмге, киберқылмысқа, сонымен қатар Германияның аталған қылмыстарға қарсы күресу тәжірибесі жөніндегі мәселелер талқыланды.
Жиын барысында қатысушылар соңғы онжылдықта лаңкестіктің жергілікті проблемадан жаһандық проблемаларға айналып, бүгінгі күні әрбір мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп туғызып отырғандығын бірауыздан атап өтті.
Конференцияда киберқылмыспен күрестің халықаралық тәжірибесі де сөз болды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, кейінгі кездері жоғары технологияларды пайдалану арқылы көптеген қылмыстар жасалады. Оның арасында қаржыны жылыстату, адам сату, қару-жарақ саудасы, алаяқтық және тағы басқалар бар. Лаңкестік және экстремистік идеологиялардың заңсыз таратылуына ғаламтор кеңінен пайдаланылып отыр.
Конференция қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Германия құқық қорғау органдарының арасында қылмыспен күрес жөнінде тәжірибе алмасу туралы шешім қабылданды.