Қазақстан мен Германия су ресурстарын басқару бойынша келісімшарт жасасты
Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы (GIZ) «Орталық Азиядағы су ресурстарын климаттық әсерді ескере отырып басқару» өңірлік бағдарламасын іске асыру туралы келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Kazinform.

Құжатқа министр Нұржан Нұржігітов пен бағдарлама менеджері, доктор Каролина Милов қол қойды.
ГФР, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан қатысатын бағдарлама Германия федералды үкіметінің «Жасыл Орталық Азия» аймақтық климат және қауіпсіздік бастамасының бөлігі саналады. Оның мақсаты - климаттық әсерді ескере отырып, өңірлік деңгейде су ресурстарын интеграцияланған басқаруды енгізу.
Бағдарлама ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен және «Амудария» және «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы ұйымдарымен жұмыс істейді. Жоба аясында өңірде суды пайдаланудың тиімділігін арттыру, климаттық әсерді ескере отырып, су ресурстарын басқару жөніндегі пилоттық жобаларды іске асыру және Амудария мен Сырдария өзендерінің бассейндерін климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі жұмыстар әзірленеді.
Бағдарламаны іске асырудың операциялық жоспары бекітіліп, сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен басқа да қатысушыларды қамтитын үйлестіру комитеті құрылады. Неміс тарапы сарапшыларды ұсынуға, жергілікті мамандарды базалық және қосымша оқытуды қамтамасыз етуге міндеттеледі. Сонымен қатар GIZ қажетті жабдықты жеткізе алады және гранттар түрінде қаржылық қолдау көрсете алады. Шарт 2027 жылдың ақпанына дейін жарамды.
«Біздің бірлескен іс-қимылдарымыз алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге және су ресурстарын басқару мәселесінде Орталық Азия елдері арасындағы кооперацияны күшейтуге мүмкіндік береді деп үміттенемін. Суды тиімді және дұрыс пайдалану – өңіріміздің алдында тұрған басты мәселелерінің бірі. Сондықтан алдағы міндеттерді бірлесіп және неміс әріптестеріміздің қолдауымен шешеміз», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.