Қазақстан мен Германия су саласында жаңа хаб құруы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Германия технология алмасу және пилоттық жобаларды дамытуға арналған бірлескен су хабын құру мәселесін пысықтап жатыр.

Қазақстан мен Германия су саласында жаңа хаб құруы мүмкін
Фото: Gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайке Ренате Пайчпен кездесті. Тараптар су саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан-Германия су хабын құру мәселесі қаралды. Бұл — технологиялар алмасуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және пилоттық жобаларды дамытуға арналған платформа. Су хабын құру туралы ұсыныс Берлинде өткен «Қазақстан Республикасы — Германия Федеративтік Республикасының су саласындағы стратегиялық әріптестігі: жаңа деңгей» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында таныстырылған болатын. 

Қазақстан мен Германия су саласында жаңа хаб құруы мүмкін
Фото: Gov.kz

Қазір Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы хаб тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Құжат су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіретін German Water Partnership (GWP) неміс қауымдастығына келісу үшін жолданды. 

Казахстан и Германия создадут водный хаб для новых технологий и проектов
Фото: Gov.kz

Айта кетейік, былтыр қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен GWP су ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын.

— Соңғы жылдары Қазақстан мен Германияның су саласындағы өзара іс-қимылы айтарлықтай дамып, нақты практикалық сипатқа ие болды. Ендігі қадам жекелеген бастамалар мен пилоттық жобалардан жүйелі әрі ұзақ мерзімді технологиялық әріптестікке көшу болуы тиіс. Бірлескен су хабын құруды Қазақстан мен Германияның мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтары өзара іс-қимыл жасайтын, заманауи технологияларды сынақтан өткізіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын практикалық алаң қалыптастыру ретінде қарастырамыз, — деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Нұржан Нұржігітов
Фото: Gov.kz

Кездесуде Нұржан Нұржігітов пен елші су ресурстарын басқару саласында кадрларды бірлесіп даярлау және озық тәжірибелермен алмасу перспективаларын да талқылады. Сонымен қатар тараптар Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын іске асыруға неміс технологияларын, инженерлік шешімдері мен сарапшылық тәжірибесін тарту мүмкіндіктерін қарастырды.

Казахстан и Германия создадут водный хаб для новых технологий и проектов
Фото: Gov.kz

Бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары басталғанын жазғанбыз.