Қазақстан мен Германия техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан мен Германия техникалық және кәсіптік білім беру мен оқыту саласындағы ынтымақтастық ниеттері туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Құжат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Германияға ресми сапары барысында екі ел министрлерінің кездесуі қорытындысы бойынша қабылданды.

Қазақстан мен Германия техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Германияның Білім, отбасы, қарттар, әйелдер және жастар істері жөніндегі федералдық министрі Карин Принмен ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Кәсіптік білім беруді дамыту Президенттің Қазақстан-Германия бизнес-форумында сөйлеген сөзінің негізгі тақырыптарының бірі болды. Мемлекет басшысы Германияның дуалды білім беру жүйесін жоғары бағалап, ірі инвестициялық жобаларды іске асырумен тікелей байланысты Қазақстан-Германия өнеркәсіптік құзыреттер орталықтарының желісін құруды ұсынды.

Кездесуде министрлер дуалды оқытуды дамыту, педагогтер мен студенттерге тағылымдама ұйымдастыру және екі ел колледждері арасында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Мамандар даярлау еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай болуы үшін жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше мән берілді.

Әріптестіктің нақты тәжірибесі бар. Алматы құрылыс-техникалық колледжі көптеген жылдар бойы GROHE, KNAUF және BOSCH компанияларымен ынтымақтастық орнатып келеді. Колледж базасында заманауи құзыреттер орталықтары жұмыс істейді. KNAUF компаниясымен 20 жылдан астам уақытқа созылған ынтымақтастық аясында екі мыңнан астам студент білім алды.

Кездесуде кәсіптік білім беруді цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері де талқыланды.

Қол қойылған декларация бірлескен жобаларды кеңейтуге, колледж студенттері мен педагогтерінің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға негіз болады.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан мен Германия 2 млрд долларлық 30-дан астам құжатқа қол қойғаны туралы жаздық.