Қазақстан мен Халықаралық эпизоотикалық бюро арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалмақшы - АШМ

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Нұртазина мәлім етті.
Министрлік өкілінің айтуынша, Париж қаласында 20-25 мамыр аралығында Халықаралық эпизоотикалық бюроның бүкіләлемдік ассамблеясының кезекті 80-ш бас сессиясы болып өткен. Бұған ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлерінен құралған қазақстандық делегаттар да қатысты.
«Жалпы алғанда бүгінгі таңда елімізде ХЭБ ұсынымдарына сәйкес, ветеринариялық жүйені реформалау жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш мәселе Бас ассамблеяның 6-шы жалпы отырысында да айтылды. Ал сессия барысында ХЭБ Бас директоры Бернард Валлмен де кездесіп, әңгімелестік», - дейді Гүлжан Нұртазина.
Оның айтуынша, ХЭБ Бас директоры Б.Валл ағымдағы жылдың шілдесіне Қазақстанға сапармен келуге ниет танытқан. «Сапар аясында Қазақстан мен Халықаралық эпизоотикалық бюро арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы күтіледі. Бұл Келісімде зертханалық практикалар, кадр даярлауды жақсарту, Қазақстан үшін жаңа ветеринариялық заңнаманы әзірлеу салаларындағы ынтымақтастықтар қарастырылады», - дейді Г. Нұртазина.