Қазақстан мен Иордания үкіметтерінің басшылары елордада Иорданияның коммерциялық сауда орталығын ашты

Ашылу салтанаты барысында Иорданияның Премьер-Министрі Самир Зайд әл-Рифай Қазақстан мен Иордания арасындағы түрлі салалардағы байланыстарға ерекше тоқталды.
«Бүгін біз екі ел арасындағы байланыстың қарқынды дамып келе жатқанына тағы куә болдық. Екі ел басшыларын байланыстырып отырған ерекше қарым-қатынастар әрине ынтымақтастықтың басқа да салаларында көрініс табуы қажет. Жалпы алғанда жеке секторға ерекше рөл тиесілі. Бүгін сіздер, Иордания өнімдері түрлерімен жақын танысуға мол мүмкіндік алдыңыздар», деді ол.
Осыдан кейін сөз алған К. Мәсімов, «Қазақстан мен Иордания арасындағы экономика, сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы салаларындағы қарым-қатынас оңды бағытта даму үстінде. Мен Иордания Премьер-Министрі Зайд әл-Рифайдің Қазақстанға келуі екі ел арасындағы байланысқа, әсіресе, екі ел басшылары арасындағы ерекше қарым-қатынасы кезінде тағы бір импульс қосатындығына сенімдімін», деді.
Аталған орталық Иорданияның үкіметтік ұйым болып саналатын Getco экономикалық даму корпорациясының бастамасымен ашылып отыр. Ол Иорданияның медицина, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп сынды салаларындағы өнімдерін Қазақстан нарығына шығару жолында еліміздің ірі экспорттаушы ұйымдарымен байланыс орнатпақ.