Қазақстан мен Иран қылмыскерлерді өзара ұстап беретін болады

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Қазақстан мен Иран арасындағы аталған шартқа 2012 жылдың 29 сәуірінде Тегеранда қол қойылған. Шарт қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастық тиімділігін арттыруға және қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген, сондай-ақ жазаны өтеуден жалтаратын адамдарды ұстап беру мәселелері бойынша екі елдің құзыретті органдары арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған. «Бұл ретте тараптар қылмыстық қудалауды жүзеге асыру және ұстап беруге әкелетін қылмыстар үкімін орындау үшін өз аумақтарындағы іздеуде жүрген адамдарды бір-біріне ұстап беруге міндеттенеді. Бұл ретте ұстап беруге қатысты жазалау санкциясы қылмыскер үшін 1 жылдан кем болмайтын, ал егер ол тұлға сотталған болса оған тағайындалған жаза 6 айдан кем болмайтын мерзім болуы шарт», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель.
Оның айтуынша, дәл осындай тұлғаларды ұстап беру туралы шартты Қазақстан 7 мемлекетпен жасасқан. Олардың қатарында Қытай, Түркия, БАӘ, Корея, Моңғолия, Қырғызстан мен Үндістан бар. Олардың 6-уы қабылданған.