Қазақстан мен Италия Ауғанстаннан ҚР аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойды

Бұл туралы журналистерге ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков мәлімдеді.
Ал Италия қорғаныс министрі Дж. Ди Паоланың айтуынша, бұл кұжат Италияда қол қойылған бас келісімнің жалғасы болып табылады. Осы құжат бойынша Италияның Ауғанстандағы әскери мүлкі мен қызметкерлері 2014 жылға дейін Қазақстан аумағы арқылы теміржол және әуе жолдарымен өз еліне қайтады.
Сондай-ақ, кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы әскери ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде қорғаныс өнеркәсібін дамыту, әскери техниканың жаңа үлгілерін, бақылау және байланыс жүйелерін сатып алу, құрлық әскерлерінің бірлескен өзара іс-қимылдары мәселелерін талқылады.
Айта кету керек, Қазақстан бұған дейін де осындай келісімдерді АҚШ, Германия, Испания, Ұлыбритания, Франция мемлекеттерімен, сондай-ақ Солтүстік Атлантикалық альянспен де жасасқан болатын.