Қазақстан мен Италия энергетика және өнеркәсіп саласында келісім жасаспақ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Италия Премьер-Министрі Джорджа Мелонидің 30 мамырда өтетін Қазақстанға ресми сапары танымал ақпарат құралдарының назарын аударуда. Мәселен, италиялық Agenzia Nova тәуелсіз басылымы сапар кезінде энергетика және өнеркәсіп саласында келісімдерге қол қою жоспарланғанын жазды. Бұған қоса Премьер-Министрдің Астанаға келуіне дейін Italy–Kazakhstan supply chain форумының өтетіні айтылған. Осыған орай Kazinform агенттігі аталған басылымда жарияланған мақала мәтінін ұсынады.

Ең алдымен бұл жолғы сапар Италия мен Орталық Азиядағы басты экономика саналатын Қазақстан арасындағы энергетика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр.
Астанада Мелони Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Maire компаниясы мен Қазақстанның ұлттық әл-ауқат қоры – Samruk-Kazyna арасындағы инженерлік және өнеркәсіптік хаб құруға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысады.
Сонымен қатар, Samruk-Kazyna қоры Ansaldo Energia компаниясымен бірлесіп, электр станцияларына арналған газ турбиналарының бөлшектерін Қазақстанда өндіру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды.
Өткен жылдың қаңтар айында Президент Тоқаевтың Римге сапары кезінде Ansaldo компаниясы Алматыдағы ЖЭО-3 нысанын қайта қалпына келтіру аясында екі дана AE94.2 газ турбинасын, екі генератор және қосалқы қызметтерді жеткізуге, жаңа нысандарды салуға қатысуға міндеттелген еді.
Мелони сапары барысында қоршаған орта, маңызды шикізаттар, кадр даярлау және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты қамтитын өзге де бірқатар келісімдерге қол қойылмақ.
Ал Италия Премьер-Министрі Астанаға келмей тұрып 28 мамырда өтетін Italy–Kazakhstan supply chain форумында не болмақ? Бұл іс-шараға екі елдің өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жұмыс істейтін 300-ге жуық компания мен ұйым өкілдері қатысады деп күтілуде.
Форумда екіжақты дамудың қосымша инвестициялық мүмкіндіктері талқылануы мүмкін. Мұндай мүмкіндіктердің бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни, Орта дәліз аталатын жоба. Бұл Еуропаны Қара теңіз, Каспий және Орталық Азия арқылы Қиыр Шығыспен байланыстыратын теміржол мен теңіз бағыттарының желісі.
2030 жылға дейін Қазақстан осы бағыт аясында 4700 шақырымнан астам жаңа жол, 1300 шақырымнан астам теміржол желісін салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясына да енген.
Қазір Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық қатынастар тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 20 миллиард долларға жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға артты. Италия осылайша Қытай мен Ресейден кейінгі Қазақстанның үшінші ірі сауда серіктесінің қатарына енді.
2005 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі аралықта италиялық компаниялар Қазақстан экономикасына 7,6 млрд доллар көлемінде инвестиция салды. Ал Қазақстанда тұрақты жұмыс істеп жатқан италиялық компаниялар саны 170-ке жеткен.