Қазақстан мен Катар арасында салық салудан жалтаруға жол берілмейтін болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетiнiң Үкiметi арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келiсiмдi және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған құжаттарға 2014 жылдың 19 қаңтарында Астана қаласында қол қойылған болатын.

Келiсiм уағдаласушы мемлекеттiң немесе оның орталық, яки жергiлiктi билiк органдары атынан алынатын табысқа салынатын салықтарға қатысты оларды алу әдiсiне қарамастан, уағдаласушы мемлекеттердiң бiреуiнiң немесе екеуiнiң де резиденттерi болып саналатын тұлғаларға қолданылады. Бұл ретте құжат жылжымайтын мүліктен, кәсіпкерліктен түсетін пайда, теңiз немесе әуе кемелерiнің халықаралық тасымалынан алынған пайда, сондай-ақ пұлға, бiрлескен кәсiпорынға немесе көлiк құралдарын пайдалану жөнiндегi халықаралық ұйымға қатысудан алынған пайда бойынша салық салу тәртiбiн реттейдi.

Сонымен қатар, әдебиет, өнер туындыларына немесе ғылыми жұмыстарға, кез келген патентке, сауда таңбасына, дизайнға, құпия формулаға немесе процеске кез келген авторлық құқықты пайдаланғаны немесе өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми тәжiрибеге қатысты ақпарат үшiн кез келген сыйақы, сондай-ақ өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми жабдықты пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенге төлем үшін алынған пайдадағы салық салулар қарастырылады.

Тұтастай алғанда, Келісім аясында инвестицияға жағымды ахуал қалыптастыру арқылы Қазақстан мен Катар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту көзделеді.

Бұл ретте құжат бойынша, тараптардың бірінің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғаларына қосарланған салық салуды болдырмау шаралары қарастырылады.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылады.

Соңғы жаңалықтар
telegram