Қазақстан мен Қырғызстан арасында одақтастық қатынасты тереңдету туралы шартқа қол қойылды

келіссөз
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Ақордада Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысынан кейін Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірқатар құжатқа қол қойылды.

Атап айтқанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа» және «Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысының шешіміне» қол қойды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Қырғызстанның Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиев «ҚР Үкіметі мен Қырғызстан Министрлер кабинеті арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы» келісімге қол қойды. 

Бұдан бөлек, «2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктері туралы» келісімге өзгеріс енгізу жөніндегі» хаттама, сондай-ақ қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пунктерін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. 

Мұнымен қоса, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғызстанның Министрлер кабинеті жанындағы жеке деректерді қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. 

Сонымен қатар, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қырғызстанның Министрлер кабинеті жанындағы Сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мемлекеттік агенттігі арасындағы Өзара түсіністік әрі ынтымақтастықтық туралы меморандумға қол қойылды. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты Ақордада күтіп алды.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Садыр Жапаровтың Астанаға сапары аясында тарихи келісімге қол қойылады.

Мемлекет басшысы Жоғары мемлекетаралық кеңес қазақ-қырғыз қарым-қатынастарына ерекше серпін беретінін айтты. 

Соңғы жаңалықтар