Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне Елшіліктері үшін жер учаскелерін өтеусіз береді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Елшіліктер үшін жер учаскелерін өтеусіз беруді көздейтін келісімді ратификациялады.
– «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы екі ел Елшіліктерінің, сондай-ақ Елшілерінің резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана мен Бішкек қаласындағы ғимараттарды және жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылып отыр. Келісімге 2025 жылғы 22 тамызда Бішкекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына жасаған сапары аясында қол қойылды. Келісімнің негізгі мақсаты – дипломатиялық өкілдіктердің жұмыс істеуі үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету. Құжат астана мен Бішкек қалаларында ғимараттар мен жер учаскелерін 49 жыл мерзімге ұзарту құқығымен өтеусіз пайдалануға өзара беруді реттейді, - деді құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров.
Оның дерегінше, Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігіне ауданы 0,75 гектар жер телімі, ал Қазақстан Елшісі резиденциясы үшін 0,17 гектар жер телімі бөлінді. Ал Қырғызстанның Қазақстандағы Елшілігіне ауданы 0,74 гектар жер телімі, Елші резиденциясы үшін 0,125 гектар жер телімі беріледі.
– Осыған байланысты заң жобасы бөлінген ғимараттар мен жер учаскелерін құқықтық реттеуді көздейді. Осы келімімді ратификациялау тараптардың мүдделеріне сай келеді. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы саяси диалог пен өзара сенімді, сонымен қатар өзар іс-қимылды дамыту үшін берік негіз болады, - деді Әлібек Қуантыров.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі талқыланды.