Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында 30 бас жылқы ұрлаған барымташылар ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысында полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысты ірі қылмысты ашты.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы маңында 31 бас жылқы ұрланған. Бұл қылмысқа байланысты Кеген ауданында 42 және 22 жастағы екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Келтірілген жалпы шығын көлемі — 16 800 000 теңге.
— Күдіктілерге қатысты мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр, — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мал ұрлығы көбіне малды қараусыз, бақылаусыз жайып, қалдырудан туындайды.
— Малды көбіне бақташысыз, еркін жайылымға жібереді. Иелері жоғалғанын аңғарғанда, мал жайылымнан алыс кетіп қалды деп ойлап, өздері іздеуге кірісіп уақыт жоғалтады. Ал ұрыларды ұстау мен ұрланған малды қайтаруда алғашқы сағаттар шешуші рөл атқарады, — деп атап өтті ведомствода.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында 20 млн теңгенің малын ұрлаған барымташылар ұсталды.