Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында халықаралық өткізу пункті салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Шу облысының Соқұлық ауданындағы Камышановка ауылында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында «Төмөнкү-Чүй» халықаралық автомобиль өткізу пунктінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Құрылыстың басталуына арналған рәсімде Қырғызстан Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Данияр Сатимов жаңа кешен азаматтардың игілігі мен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көлік қатынасын дамытуға бағытталғанын атап өтті.
– Бұл өткізу пунктінің құрылысы еліміздегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі деуге болады. Басты мақсатымыз – мемлекеттік шекарадан өтетін азаматтарға заманауи әрі қолайлы жағдай жасау, көлік қозғалысы мен жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру. Жаңа кешен шекарадан өту уақытын қысқартып, бұл үдерісті барынша ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді. Сондай-ақ шекарашылардың қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасайды, – деді Шекара қызметінің басшысы.
Аталған жоба азаматтардың мемлекеттік шекарадан барынша қолайлы, жылдам әрі қауіпсіз өтуіне, көлік қозғалысы мен жүк тасымалының кедергісіз жүруіне, сондай-ақ күту және шекаралық бақылаудан өту уақытын қысқартуға бағытталған.
Ведомствоның хабарлауынша, жаңа өткізу пункті 33,06 гектар аумақты алып жатыр. Кешен тәулік бойы жұмыс істеп, екі бағытта да азаматтар мен көлік құралдарының, сондай-ақ жүктердің өтуін қамтамасыз етеді.
Жоба аясында автокөліктерге арналған сегіз қозғалыс жолағы мен паспорттық бақылаудан өтетін 12 кабина салу көзделген. Сонымен қатар паспорттық бақылау рәсімін жеңілдетіп, жеделдету үшін E-gate автоматтандырылған электронды қақпаларын орнату жоспарланған.
Жаңа өткізу пунктінің аумағында әкімшілік және қызметтік ғимараттар, көліктерді тексеру орындары, автокөліктер жиналатын алаңдар, инженерлік-техникалық құрылыстар мен жеке құрамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандар бой көтереді. Ал құрылыс екі жылға созылады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Қарқара» автомобиль өткізу пункті тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшті.
Бұған дейін Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы Жамбыл облысында орналасқан «Қарасу» автомобиль өткізу пунктінің электронды кезек жүйесіне қосылғаны хабарланған болатын.
Сонымен қатар Қырғызстанда бақылау бекетінің қызметкерлері жүк көліктерін өткізу үшін пара алғанын жазған едік.